#qyzylordatv
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс ардагері Ыдырыс Қалиевтің туғанына - 100 жыл. Ғибратты ғұмыр иесі ел мүддесі жолында жемісті жұмыс атқарып, аймақ дамуына айрықша еңбек сіңірді. Бүгін тұғырлы тұлғаның жүз жылдығына орай ғылыми-танымдық конференция өтті. Тақырыпты тілшіміз тарқатады.
Көш алға жылжыған сайын айбаты асқақтап, беделі биіктей беретін тұлғалар болады. Сыр еліндегі сондай қабырғалы қайраткердің бірі – Ыдырыс Қалиев. Жүріп өткен жолына көз жүгіртсек, тағдыр оны ерте есейткен тәрізді. Онда балалық шақ болмады. Қаршадайынан қара жұмысқа жегілді. Ал, 18 жасында майданға аттанып, Отан үшін от кешті. Соғыстан соң елге оралап, еңбек жолын бастады. Ең алғаш Қазалы теміржол бөлімшесінде тер төкті. Кейін, Мәскеудегі жоғары партия мектебін бітіріп, саяси қызметке кірісті.
ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ – ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ /// Тау алыстаған сайын биіктей түседі дейді халқымыз. ХХ ғасырда Сыр өңірінің дамуына таудай ірі, тегеурінді де талапшыл адал аға Ы.Қалиевтің есімі халқының жадында алтын әріптермен жазылды.
/ Қайраткер тұлға халық алдындағы адал қызметі үшін «Құрмет», 2 мәрте «Еңбек Қызыл ту»
Ыдырыс Қалиев ел тізгінін ұстаған тұста Сыр өңірінде өндіріс өркен жайды. «Қызылорда» платинасы, целлюлоза-картон зауыты, тоқылмайтын маталар фабрикасы, Жаңақорғанда Шалқия кен орны, Шиелі ауданында уран өндірісі жолға қойылды. Іскер ұйымдастырушы қазіргі Гагарин, Ақмешт, Титов және Мерей шағын аудандарының салынуына ықпал жасады. Инфрақұрылым желілерін жақсартып, ел мәдениеті мен руханиятын қайта жаңғыртты.
БАҚБЕРГЕН ДОСМАНБЕТОВ - МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
/// Бүгінгі күні Қызылорда қаласында бой көтерген өндірістік және мәдени нысандардың көбі сол кісінің басшылық болып тұрған кезінде айтуға болады. Қаланың даму жоспары, инфрақұрылым мен әлеуметтік саладағы жүйелі жұмыстар оның болашақты көре білетін кең өрісті азамат екенін анықтайды. / Қарапайым еңбекпен шыңдалып, ел басқару ісіне дейінгі жолды адал жүріп өткен тұлға жайлы сөз қозғау біз үшін бір жағынан парыз, екінші жағынан үлкен мәртебе.
САЙЛАУБАЙ ӘБІШЕВ - ЕҢБЕК АРДАГЕРІ
/// Ыдекең адам сыйлағыш. Қасындағыларға қамқор, жанындағыларға жұбаныш, қармағындағыларға көмек көрсетуден қашпайтын. Барынша байыпты, алдынан шыққан қай мәселеге де ақылмен саралап, жақсы мен жаманды бағалап, ақ қарасын айырып алған соң тұрлаулы тоқтамға келіп, бір-ақ қайыратын.
Тұғылы тұлға 93 жасқа қараған шағында мәңгілік мекеніне аттанды. Ғасырға жуық ғұмыры ғибартқа толы. Сондықтан Ыдырыс Қалиевтың ел үшін атқарған ерен еңбегін бір ғана тағылымды шарамен түйіндеуге келмейді. Тектілікті ту етіп, ұлағатты із салған қайраткердің өмір жолы өскелең ұрпаққа бағдаршам десек болады