#qyzylordatv
«Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының 10 жылдық мерейтойы гала концертпен қорытындыланды. «Арман қанатындағы «Атамекен» атты қайырымдылық шарасына эстрада жұлдыздары қатысып, тәрбиеленушілермен бірге сахнада өнер көрсетті.
«Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы 2015 жылдың 1 маусымында ашылған болатын. Мақсат - ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, жарқын өмірге жолдама беру. Он жылдың бедерінде осы балалар ауылынан 93 түлек тәрбиеленіп, өмірден өз орнын тапты. Жоғары оқу орындарын аяқтап, мамандығы бойынша жұмыс істеп жатыр. Оларды тұрғын үймен қамту мәселесі де басты назарда.
ШАХМАРДАН БАЙМАНОВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ \Соңғы 10 жылда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны 23 пайызға, интернаттық мекемелерде тәрбиеленетін балалар 37 пайызға төмендеген. .. \
Мерекелік кеште тағдырлы ұл-қыздардың анасына айналған жомарт жүрек иесі Лиза Ноғайқызына еліміздің денсаулық сақтау министрі мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, 10 жылдан бері балаларға қамқорлық көрсетіп, қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырып жүрген демеушілер мерекелік медальмен марапатталды.
Балалар ауылының тәрбиеленушілері білім, спорт, өнер додаларында топ жарып, биік белестерді бағындырып жүр. Мәселен, Алеся Ахмадуллина Ресейде өткен халықаралық байқауға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Талантты өнерпаз мерекелік концертте Толқын Забировамен қосылып ән шырқап, көрермен қошеметіне бөленді.
Қайырымдылық концертке Сыр елінен шыққан белгілі әнші Жеңіс Сейдулла мен Жеңіс Ысқақова арнайы қатысып, өнерлі өрендермен бірге өнер көрсетті.
Шара соңында өнер жұлдыздары мен тәрбиеленушілер «Атамекен» балалар ауылының әнұранын орындап, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды.