#qyzylordatv
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция делегаттары Жаңақорған және Шиелі аудандарында болып, жаңадан бой көтерген медициналық нысандардың жұмысымен танысты.
Сыр төріндегі тәжірибелік жиынға әр өңірдің денсаулық сақтау басқармасының басшылары мен медициналық оқу ошақтарының жетекшілері арнайы келген. Олар әуелі Жаңақорған ауданындағы «Қамқорлық» оңалту орталығына аялдап, ерекше балаларды сауықтыру тәсілімен танысты. Аталмыш нысан өткен жылы пайдалануға берілген. Көп ұзамай нәтиже көрсетіп те үлгерді. Әсіресе, тірек-қимыл жүйесі бұзылған балалардың арасында жүріп кеткендері жетерлік.
МӨЛДІР ЕСҚАБЫЛОВА – АУДАНДЫҚ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ / Мамандарға келетін болсақ, Астана қаласында Ұлттық оңалту орталығында барлығы даярланды. Яғни, 18 маман қайта оқытылды. Травматология, ортопедия, неврология бағыттары бойынша көмек көрсетіледі. Нәтижелері бар балалардың, мәселен, 28 бала осы орталыққа келгенге дейін жүре алмаған болса, оның 13-і алғашқы қадамдарын жасап, жүре алды/
Аутизмге шалдыққан балғындарға тұрақты күтім ауадай қажет. Ал, кәсіби жабдықталған оңалту орталықтары тек үлкен мегаполистерде ғана кездеседі. Сондықтан, шағын ауданнан осындай нысан ашылғанына конференция делегаттары таңданыс білдірді. Арнайы орталықтың қызметін аудан тұрғындары да оң бағалап отыр.
ГҮЛСІМ НЫШАНБЕКОВА – АУДАН ТҰРҒЫНЫ / Бір емес, екі рет ем алдық. Жақсы әсер беріп жатыр. Немеремнің алғашқы келгенге қарағанда тілі анық шығатын болды. Мұнда істейтін мамандардың барлығы да жақсы қызмет жасайды.../
Мұнан соң әр өңірден келген сала мамандары Төменарық ауылында ашылған дәрігерлік амбулатория жұмысымен танысты. Елді мекенде аталмыш нысанмен бірге өткен жылы 15 төсек-орынға арналған ауылдық арухана бой көтерген. Қос ғимарат ашылғалы осы төңіректегі 6 ауыл тұрғындары ем алу үшін аудан орталығына сабылмайтын болды. Бүгінде медициналық нысанда 10 мыңнан аса тұрғынға көмек көрсетіледі.
ОРАЗКҮЛ ТҰРЛЫБЕКОВА – ЗЕЙНЕТКЕР /3 мезгіл тамағымыз дайын. Медсестралар кәдімгі қыздарымыз сияқты жағдайымызды жасап, уколмызды уақытылы салып отыр.../
Өткен жылы бірқатар ауданда емдеу мекемелерінің қасынан қосымша ғимарат салынды. Соның бірі Шиелідегі аурухана жанынан бой көтерген. Нысан дер кезінде пайдалануға берілді. Қазір мұнда соңғы үлгідегі медициналық құрылғылар әкелініп жатыр. Мәселен, жуырда магнитті резонансты томаграфия құрылғысы жеткізілмек. Бұл бастамаға денсаулық сақтау министрлігі тарапынан 650 млн теңге қаржы бөлінген.
Өткен жылы өңір медицинасын түлетуге 146 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалды. Соның нәтижесінде шалғай елді мекендерде кеңестік кезеңнің көзін көрген ғимараттардың орнына заман талабына сай дәрігерлік амбулаториялар бой көтерді. Соның бірі осы Алмалы ауылынан ашылған емдеу нысаны. Сала мамандары аталмыш мекеме жұмысымен танысып, мұндағы жүйелі емшара тәсілін оң бағалады.