#qyzylordatv
Облыс орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, даңқты футболшы Тимур Сегізбаевты еске алуға арналған ала доп бәсекесі басталды.
Қазақ футболының аңызы Тимур Сегізбаевтың есімін ұлықтауға арналған турнир биыл 18-ші мәрте жалауын көтерді. Ала доптың хас шебері атанған Тимур Санжарұлы сонау 60-шы жылдары «Қайраттың» сапында жасындай жарқылдап, әдемі ойын-өрнегімен жанкүйерлердің зор ықыласына бөленді. Жарақатына байланысты футболдағы мансабын ерте аяқтап, алғашқы бапкерлік жұмысын Сыр өңірінде бастады. Жергілікті «Автомобилист» командасымен биік белестерді бағындырған білікті менеджер еліміз Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстан футбол одағын басқарды.
ӘЛИХАН ӘЛИХАНОВ — ТИМУР СЕГІЗБАЕВТЫҢ НЕМЕРЕСІ /// Атам футболды қатты жақсы көретін. Тіпті отбасынан да биік қойды. Мұны әжем Клара Абдуллаевна да айтып отыратын. Футболға деген махаббат пен отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында осындай биік белестерді бағындырды деп ойлаймын. Күннің аптап ыстығына қарамастан футбол ойнап жатқан балардың арасынан атама ұқсаған кәсіби аяқдопшылар шығатынана сенемдімін//
Биыл бұл турнирдің ауқымы кең. Қатысушы командалар саны да жылдағыдан арта түскен. Алаңда 2011-2012 жылғы жасөспірімдерден құралған 12 команда өнер көрсетуде. Бір қызығы, турнирде фаворит саналған командалар топтық кезеңнің алғашқы ойындарында-ақ сүрініп, жаңа көшбасшылар пайда болды. Мәселен, жарысқа енді қатысып жатқан «Наман ата» тобы бірінші ойынында былтырғы чемпиондар «Хан» командасын 1:0 есебімен жеңіп кетті.
САНЖАР ТӨЛЕБЕК — ҚАТЫСУШЫ //Хан командасымен ойнадық, 1:0 есебімен тізе бүктірдік. Былтырғы жарыста да JKFL лигасына қатыстық. Екі команданы да тізе бүктірдік. Сол ойында Көкшетау қаласына жолдама алдық//
Үлкен футболға енді-енді аяқ басқан жеткіншектер үшін бұл нағыз тәжірибе алаңы. Сол себепті, жасыл алаңда жасөспірімдер барын салып ойнауда.
ШЫҢҒЫСХАН МАРАТБЕК — ҚАТЫСУШЫ / Біз хан командасы бүгін Тимур атамызды еске алуға үлкен турнирге қатысып жатырмыз. Турнир өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Турнирді жеңіп алуға бар күшімізді саламыз.
Жарыс үш күнге созылады. Ал, жеңімпаздар мен жүлдегерлер 17 мамыр күні анықталып, арнайы диплом және медальдармен марапатталады.