#qyzylordatv
Қазалы ауданында ең үлкен саябақ ашылды. Жалпы аумағы 19 гектар болатын демалыс орны «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында қайта жаңғыртудан өтіп отыр.
«Таза Қазақстан» бұл бір реттік акция емес. Тұтас қоғамның мәдениеті, тәрбиесі мен ғылымның бір арнада ұштасатын тұсы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен былтыр қолға алынған игі бастама бүгінде еліміздің барлық өңірінде қолдау тауып, мыңдаған еріктінің қатысуымен өтіп жатыр. Мәселен Қазалы ауданында 40 жыл жөндеу көрмеген үлкен саябақ қайта жаңғыртудан өтті.
Мәдени-демалыс кешенінде тарихтан сыр шертіп, өткенді ұлықтайтын даңқ және тағзым аллеясы орналасқан. Сондай-ақ, танымдық дүниелерге айрықша мән берілген. Ең маңыздысы, бұл саябақты жаңғыртуға аудан кәсіпкерлері белсенді атсалысып, туған жерді гүлдендіруге қомақты қаржы құйыпты. Жасыл желекке оранған демалыс орны енді аудан тұрғындарының серуен құратын саябағына айналды.
Жасыл желекке оранған аумақ тұрғындар үшін экологиялық жағынан тиімді ғана емес, табиғатпен үйлескен рухани тынығу орнына айналмақ. Қазір мұнда жабық спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жалпы саябақ аумағына 20 мыңнан аса ағаш көшеттері отырғызылып, терек, қайың және қылқан жапырақты ағаштармен толыққан. Мұнан бөлек, отбасылық демалыс өткізуге дәмханалар және түрлі аттракциондар жұмыс істейді. Ал спортпен айналысатын жастарға арнайы веложолақ, футбол, волейбол, баскетбол алаңдары бар.