#qyzylordatv
Сырдария ауданындағы Шіркейлі ауылында «Өнерім-өмірім» атты концерт өтті. Өнер кеші мәдениет саласының үздігі Нұржамал Жүзбаеваның құрметіне ұйымдастырылды.
Ұлттық өнерді насихаттауда ауыл өнерпаздары алдына жан салмайды. Өйткені, қай қайсысы да мәдениет саласына шын берілген жандар. Ал, осындай іс-шаралардың шырайын келтіретін мәдениет ошақтарының жеткілікті деңгейде дамуы білікті басшыға байланысты. Шіркейлі ауылында туып өскен Нұржамал Жүзбаева 30 жылдан астам уақыт Мәдениет үйін басқарған. Ал қазір зейнетте болса да ауылдың қоғамдық өмірінен алыстаған емес.
НҰРЖАМАЛ ЖҮЗБАЕВА — МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ // Биыл зейнетке шыққаныма жетінші жыл. Бірақ зейнетке шықсам да әлі өнерден қол үзгенім жоқ. Қазір Сырдария аудандық мәдениет үйі жанындағы мәдениет саласы ардагерлерінің «Алтын қазына» ансамблінің мүшесімін. Ұзақ жылдар осы екі жарым мың халқы бар ауылдың өнерге жақын балаларын тәрбиелеп, алда қазір республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаттары, қаншама шәкірт тәрбиеледім.
Міне сол шәкірттері мен Қалтай Мұхамеджанов атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары ұстаздың құрметіне өнер кешін ұйымдастырды. Рухани шарада ардагердің өмірі мен өнегесі ұлықталды.
МАҚСҰТ ӘБСАДЫҚОВ — Қ. МҰХАМЕДЖАНОВ АТЫНДАҒЫ ШІРКЕЙЛІ АУЫЛДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ / / Тоқырау кезінде көп мекеменің ғимараттары бүлініп жатқан кезде осыны сақтап қалуға үлкен күш салған. «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді, ауылдан шыққан қандай бір өнерпаз болмасын, соның барлығына апайдың үлесі бар. Нұржамал апайдың шәкірті ретінде, ол кісінің табандылығы, қойған мақсат, көздеген нәрсеге жетпей тыным таппайтыны. Ондай сәтте уақытпен санаспайды. Музыкалық үйрету қабілеті, сахна мәдениеті соның барлығын меңгерген кісі.
Шіркейлі талай талантты түлеткен құтты мекен. Соның ішінде Нұржамал Жүзбаева өнерге қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.