#qyzylordatv #абай180
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған республикалық мүшәйрадан олжалы оралды. Жерлесіміз, жас та болса жыр әлемінің дарабозына айналған ақын Ақжол Түменбай Астанада тұңғыш рет ұйымдастырылған кітапханашылар мен кітапхана саласында қызмет ететін шығармашыл ақындар арасында оқ бойы озық шығып, Сыр мерейін асқақтатты.
«Абайдың алып айдыны» атты әдеби сазды кешті Ұлттық академиялық кітапхана ұйымдастырды. Дүбірлі жыр додасына әр аймақтан 100-ге жуық ақын қатысты. Олардың қатарында Мерей Қарт, Қуаныш Оспан, Әлия Іңкәрбек сынды талант иелері бар. Соның ішінде өлең өлкесінде өзіндік өрнегімен танылған Сыр дарабозының шығармашылығына қазылар алқасы жоғары бағасын берді.
АҚЖОЛ ТҮМЕНБАЙ — РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МҮШӘЙРА ЖЕҢІМПАЗЫ, АҚЫН
Ұлттық академиялық кітапхананың сахнасында тұрып Абай тойының сахнасында жыр оқып қайттық. Соның бас жүлдесін , міне, Сыр еліне әкеліп жатырмыз. Бұл Сыр еліне әкеліп жатқан жүлдемнің басы да соңы да емес деп білемін. Сондықтан Абай тойына Сыр елінен деген қосқан біздің үлесіміз осы. Мүшәйра деген соң, Абайға арнау. Және кітапхана саласы, кітапханашылар туралы екінші тақырыпта өлең жазу керек болатын. Сол екі кезең бойынша бағаланды. Өзімнің жеке жыр жинағымды шығару деген жоспарым бар. Соған қанаттанып, қадам басып жатырмыз.