#qyzylordatv

Енді қазақстандықтар хабар-ошар алысу үшін ұлттық мессенджерге ауысуы мүмкін. Жасанды интеллектіні дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке осыны пысықтауды тапсырды. Себебі қазір қолданылатын халықаралық платформалардың кейбір талаптары ұлттық заңнамаға қайшы. Мемлекет басшысы мұндай тәжірибе жеке деректердің юрисдикциямыздан тысқары жерге тарап кетуіне әкелуі ықтимал екенін айтты. Ал тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз ете алады деп отандық Aitu мессенджерін үлгі ретінде ұсынды.

Жасанды интеллект дүниенің дидарын өзгертіп жатыр. Қарқыны қатты. Түбі мимен күресетін заманды ЖИ-мен күресетін заман алмастыратын сияқты. Қазірдің өзінде онсыз бәсекеге төтеп беру мүмкін емес. Ол «ұлт дербестігінің кепіліне, экономикалық өсімнің қозғаушы күшіне айналып жатыр» деді президент жасанды интеллект мәселелерін талқыға салған алқалы жиында. Бірақ салаға қатысты бұған дейін берген тапсырмалары сылбыр орындалып жатқанын сынға алды.

 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

// Мен бұған дейін бірыңғай ұлттық цифрлық экожүйе құру ісін тездету туралы айттым. Қажетті инфрақұрылымды дайындап, заңнамалық негіз бен мәліметтерді жинау жүйесін әзірлеп, жасанды интеллектіні енгізу жұмысын бастауды тапсырдым. Бірақ бұл тапсырмалардың орындалу барысы мәз емес.//