#qyzylordatv #жұмысшымамандықтаржылы

Кенші мамандығы - отандық өнеркәсіптегі ең күрделі әрі батылдықты қажет ететін кәсіптің бірі. Жаңақорғанда қиындығы мен жауапкершілігі мол осынау мамандықты меңгеріп жатқан жастар аз емес. Аудандағы аграрлы-техникалық колледждің түлектері бүгінде тау-кен комбинатында еңбек етіп жүр. Әріптесім Мақсат Кәрібай кәсіби мамандармен бірге 500 метр тереңдіктегі шахтаға түсіп, кен қазудың қыр-сырына қанықты.

МАҚСАТ КӘРІБАЙ – ТІЛШІ: Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжін биыл 180 жас бітірсе, оның 15-не жергілікті өнеркәсіп орындары мен зауыттарға жұмысқа жолдама берілді. Менің жанымда аграрлы-техникалық колледжін тәмамдап осы өлкедегі тау-кен өндіру зауытына жұмысқа орналасқан Нұрлан Садық тұр. Біз 500 метр тереңдікте жұмыс істеп жатырмыз.

Кез-келген шахта үңгуден бастау алады. Ал жер астындағы жұмысты үңгушісіз елестету мүмкін емес. Кенішке бірінші түсіп, басын бәйгеге тігетін де осы мамандық иесі. Нағыз еңбек адамы дерсің!

 НҰРЛАН САДЫҚ – ҮҢГУШІ // Қазіргі таңда, «Шалқия Цинк» кен орнында проходчик маманы болып 2023 жылдан бастап жұмыс жасап келемін. Жұмысым өзіме қызық, ұнайды. Үйренесің, көресің, шахта қызық. Адал еңбектің наны тәтті ғой. Қанша дегенмен әкемнің жолын қуып келе жатырмын ғой. Осы жерде жұмыс істеген әкем. Мастер болып істеп жатыр әлі де. 30 жылдан асты//

Өндіріс орны жылына 4 миллион тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өңделген шикізаттың жартысынан астамы мырыш, ал қалғаны қорғасын концентраттары. Мұхамед Жұмабек осы тау-кен комбинатында 4 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол жер астындағы техникаларға жанармай таситын көлікті басқарады.

 МҰХАМЕД ЖҰМАБЕК – ЖҮРГІЗУШІ //Жаңақорған ауданындағы техникалық колледжді бітіргеннен кейін осында «Шалқия Цинкке» жұмысқа тұрдым. Қазір ПСМ жүргізушісі болып жұмыс жасайм. Жер астындағы техникаларға жанар май тау менің жұмысым. 2021 жылдан бері жұмыс жасап жатырмын. Шахтада жұмыс істеген енді басында қорқынышты. Одан кейін жәй-жәй үйренесің. Осы жылды президент жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады ғой, мен де жастарды осындай жұмыс жасауға шақырамын//