#qyzylordatv

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 10 веб-телеарнаны іске қосты. Жаңашылдық көрермен қызығушылығы мен сұранысына сай сапалы контентті бөлек-бөлек ұсынады.

 Атап айтқанда, «Ұлттық өнер», «Айтыс», «Театр», «Деректі фильм», «Музыка» бағытында медиаконтент жүктеледі. Одан бөлек, «Ретро», «Сериал», «Мульт», «Әзіл шоу», «Спорт» тұрғысында көрермен үшін дайындалған контент ұсынылады. Бұл веб-телеарналар SmartTV арқылы және qazaqstan.tv, qaztv.kz сайттары мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасында қолжетімді. Веб телеарналар кестесінде жобалармен қатар Корпорацияның алтын қорында сақталған бірегей бейнематериалдар да бар. Мәселен, «Қазақстан айтыс» веб арнасы арқылы соңғы қырық жыл ішіндегі 500 сағаттан астам айтыс таралады. Оның ішінде 1980 жылдардағы алғашқы телевизиялық айтыс та бар.

 Айта кетейік, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрамындағы 4 республикалық және 14 аймақтық арна түрлі жанрдағы контент өндіреді. Олардың қатарында телехикаялар, анимациялық фильмдер, деректі фильмдер, зияткерлік және ойын-сауық бағдарламалар, айтыс, театр қойылымдары мен концерттер, спорттық трансляциялар бар. Осы медиаконтент жанрлар бойынша жүйеленіп, КАЗТВ веб-теларналар тобына біріктірілді.