#qyzylordatv
Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылында жасөспірімдер мен ересектер арасындағы үстел теннисінен республикалық турнир мәресіне жетті.
Дәстүрлі дода биыл жетінші мәрте жалауын желбіретіп отыр. Ауылдық жерде үстел теннисін дамытып, балаларды спортқа тарту мақсатында өткен республикалық жарысқа еліміздің 14 облысы мен көршілес Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінен 140 спортшы қатысты.
АБЗАЛ ЕРӘЛИЕВ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ //Жылдан- жылға турнирдың деңгейі, ауқымы кеңейіп жатыр. Әрқашан біз осы жастар спортын және осы спорт түрлерінің барлығын қолдап отырамыз. Бұдан басқа да “Абзал және Компания” толық серіктестігінің дзюдан өткізетін, мынау таеквондодан өткізетін жарыстар бар, жыл сайын өткізіліп тұрады. Өйткені, себебі біздің компания осы салаларға үлкен қолдауын көрсетіп отыр.
МАЛИК ЖИЕНҚҰЛОВ – ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ /ҚЫРҒЫЗСТАН/
////Үстел теннисінен өтіп жатқан турнирге Қырғызстан командасын бастап келдім. Қызылордаға жыл сайын келіп тұрамыз. Қызылордалықтар қонақжай. Бұл жолы да бізді жақсы күтіп алды. Жарысқа келер болсақ, қарсыластар оңай емес. Бәрі де шебер ойыншылар. Турнирде жеңіске жету өз алдына, спорттағы достарымызбен бас қосу да қызық//
Республикалық ашық біріншілікте ойыншылар 6 лигаға бөлініп өнер көрсетті. Әуелі, іріктеу кезеңінде мықтылар анықталса, көрерменнің делебесін қоздырған ақтық ойындарда нағыз шеберлердің бәсекесі болды.
Дәстүрлі жарыс жыл сайын өз ауқымын кеңейтіп, спортшылардың шеберлігін арттыруға септігін тигізіп келеді.
РЫСБЕК АРТЫҚМЕТОВ – ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ //Шымкент қаласынан келіп тұрмын, осы Қызылорда қаласына бірінші рет келдім. Осы турнирге бірінші рет қатысуым, әр қаладан мықты спортшылар келген. Барлық спортшылар бағын сынауға келді, сәттілік тілейміз.
Сайыс қорытындысымен әр лиганың үздіктері анықталып, ақшалай сыйақы және дипломдармен марапатталды. Байрақты бәсеке алдағы уақытта да жалғасын таппақ.