#qyzylordatv
Жаңақорған ауданында Халықаралық жастар күніне орай түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Жасыл ел жасағының сарбаздары тазалық акциясына қатысып, туған жерді гүлдендірсе, еріктілер қайырымдылық жасап, игі іске ұйытқы болды. Түрлі салада көш бастап жүрген белсенді топ өкілдерімен аудан әкімі кездесіп, мерекемен құттықтады.
Бүгінде Жаңақорғанда 25 мыңға жуық жас бар. Бұл аудан тұрғындарының 30 пайызын құрайды. Жастарды жұмыспен қамту, кәсіпке баулу, білім алуына және спортпен айналысуына мүмкіндік жасау мақсатында байыпты бастамалар қолға алынған. Мәселен, Келінтөбе ауылынан спорт кешені бой көтерсе, аудан орталығында жүзу бассейні бар заманауи дене шынықтыру және спорт кешені салынуда.
МАЖИТ САМИТОВ, АУДАН ӘКІМІ \Мемлекет жастарға кәсіп бастау мен жұмысқа орналасуға да үлкен қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, биыл барлық қаржы көздерінен 100 жобаға 2 млрд теңгенің жеңілдетілген несиелері берілді. Оның ішінде 40 пайызы жастарға тиесілі. Жастарды жұмыспен қамту да басты басымдықтардың бірі. Биыл 4937 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған болса, бүгінгі күнге 2147 жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде жұмыспен қамтылған жастардың үлесі 60 пайыздан асады\
«Жұмысшы мамандықтар» жылына орай Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжімен және аудандағы өндіріс орындарымен меморандум жасалған болатын. Бұл жастардың өз мамандығы бойынша ірі кәсіпорындарда жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік береді.
БАЙБОЛАТ БЕКТҰР, «ШАЛҚИЯ ЦИНК ЛТД» АҚ ЖҰМЫСШЫСЫ \Жастарға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Оған үлкен рақмет. Шалқия цинк мекемесінде бір жылдай болды жұмыс істеп жатқаныма. Ұжымымызбен бірге өндірісті алға жылжытып келеміз....
Мерекелік басқосуда еңбек нарығында жүрген жұмысшы мамандық иелеріне және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген жастарға аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.
Марапат төрінен көрінгендердің бірі - Жібек Қуандық. №229 мектептің түлегі аудан бойынша ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары балл жинап, мемлекеттік грант иегері атанды.
Еркін форматтағы басқосуда аудан әкімі Мажит Самитов жаңақорғандық жастарға игі лебізін жеткізіп, сәттілік тіледі. Шара соңында «Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасының финалисі, жас өнерпаз Нұрислам Тлеухан ән шырқап, көпшіліктің құрметіне бөленді.