#qyzylordatv
Сырдарияның сол жағалауынан бой көтерген тағы бір тұрғын үй кезекте тұрған отбасыларға табысталды. Жаңа қонысқа ие болған көпшіліктің қуанышына ортақтасқан аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құрылыс саласындағы қарқынды жұмыстарға тоқталды.
Үш мың пәтер. Бұл биыл тұрғындарға берілуі керек меже. Аймақ басшысы бүгінде Қызылорда серпінді құрылыс алаңына айналғанын айтып, табысталған тұрғын үй көлемінің едәуір артқанын жеткізді. Биыл тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан 3 800 дайын пәтерді сатып алуға бюджеттен қажетті қаржы бөлінген.
Соңғы үш жылда облыста қаржыландырудың барлық көздерінен екі жарым миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына, баспанасы апатты деп танылған азаматтарға 5 мыңнан аса пәтер сатып алыныпты. Тұрғын үй табыстау рәсімінде халық қалаулылары «Нақты көрсеткіш - еселі еңбек пен біріккен істің нәтижесі»,- деді.
Жиында тұрғын үй құрылысын салған «Сәт Сервис» компаниясының еңбеккерлеріне аймақ басшысының алғысы табысталды. Мұнан соң тұрғындар жаңа баспананың кілтіне ие болды.
Халықтың осал топтарын тұрғын үймен қамту жұмыстары аудандарда да жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін 1500-ға жуық отбасы баспана бақытына ие болса, жыл соңына дейін аудандарда тағы 500 тұрғын қуанышқа кенелмек.