#qyzylordatv
Халықаралық жастар күніне орай облыс орталығында гала-концерт ұйымдастырылды. «Жастармен бірге!» деп аталған әсерлі кешті қызылордалықтар екі сағаттан астам уақыт тапжылмастан тамашалады.
Мерекелік гала-концертке жиналған халықтың қарасы қалың. Тіпті ине шаншар орын болмады десек, артық айтқандық емес. Әрі қоңыр салқын кештің вайбы мен түрлі түсті жарық-шамдар ә дегеннен көпшілікке керемет көңіл-күйі сыйлады. Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жастарды мерекемен құттықтады. Жалпы, аймақта жастарды жұмыспен қамту, кәсіпке баулу, білімін жетілдіру, спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуда. Мәселен, биылдың өзінде 252 жас қайтарымсыз грант иегері атанса, алты жүзге жуық тұрғын «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді.
Осылайша Халықаралық жастар күні өңірде он күн қатарынан аталып өтті. «Жасыл ел» жасағының сарбаздары экологиялық марафонға қатысып, туған жердің тазалығына атсалысса, еріктілер түрлі қайырымдылық шараларға қатысып, игі іске ұйытқы болды. Ал, «Мүмкіндіктер алаңында» жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі мен кәсіпкерлік көрмесі ұйымдастырылды. Жастар күніне арналған қорытынды шара ерекше форматта өткізілді.
ӘЛІБИ БАСАРОВ – ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ // Халықаралық жастар күніне орай үлкен мерекелік гала концерт өрткізіп жатырмыз. Ашық аспан астындағы мерекелік шара. Өздеріңіз білесіздер, 2ші тамыз күнінен бастап 12-ші тамызға дейін бізде облыс әкімінің қолдауымен арнайы он күндік жоспар бекіткенбіз. Осы жоспардың аясында бізде өңірімізде жеті ауданда екі қалада және барлық деңгейдегі жастар орталықтарында жастар ұйымдары әкімдіктер басқарма бөлімдері арнайы атсалысты
НҰРБОЛ СЕРІКБАЙ – «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ // Ең алдымен барша Сыр жастарын осынау мереке 12 тамыз жастар күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Жалпы осынау керемет шара облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының және де осы әкімдіктің жастар орталықтарының барша аудан ауылдағы және де осы Жастар Рухы Жастар қанатының ұйымдастыруымен арнайы өткізілді. Қазір де Сыр өңірінде жастардың белсенділігі артып келеді. Ол бізді қатты қуантады. Қазір де жастарымыз тазалықтан бастап еңкейген қариямызға еңбектеген баламызға дейін түрлі шараларға атсалысып, осынау керемет шараларды атқаруда.
Кештің мәдени бағдарламасы көрерменнің зор қошеметіне ие болды. Концерт барысында елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сахна төрінде ұлттық өнер мен заманауи музыка үйлесім тапты.
Сахнада өнер көрсеткен Жарасхан Төлебай, Бекзат Молдабергенов, Есқара Бейбітов, Axallek сынды өнерпаздар жастарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
ЕСҚАРА БЕЙБІТОВ — ӘНШІ // біраз жерлерде болдық, бірақ дәл мынадай қазіргінің өзінде көзім жеткен жерге дейін көріп тұрмын адамдарды оның өзі бір километрдей адам бар-ау. Ол деген біздің Қызылорданың дамығандығы деп білемін. Өте керемет өтіп жатыр, креативный қала деп Қызылорданы айтуға болады.
Кештің басты хедлайнері – “6ELLUCCI” тобы ұмытылмас шоу ұсынып, жастардың мерекелік қуанышын еселей түсті.
Бұл кеш – аймақ жастарының өнерін, белсенділігін және бірлігін паш етті. Бағдарлама соңы DJ Jako-ның сүйемелдеуімен өткен би кешімен қорытындылады.