#qyzylordatv
Ең төменгі жалақы 99 мың теңгеге дейін өседі. Сенатта осы мәселе қаралды. Сонымен қатар мұнай-газ саласында еңбек етіп жүрген қазақстандықтар Қатарға жұмысқа бара алады.
Қазір елімізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге. Тиісті министрлік өкілдері аталған сома Қазақстандағы еңбек өнімділігі мен медиандық жалақыны ескере отырып бекітілгенін жеткізді. Алайда Сенат төрағасы макроэкономикалық көрсеткіштерді емес, азаматтардың нақты қажеттілігін ескеру керек дейді.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ //Сіздер өз әдістеріңізге сүйеніп, орташа жалақы мен еңбек өнімділігіне басымдық беріп отырсыздар. Алайда, бұл жерде концептуалды тәсілді өзгерту туралы сөз болып отыр. Коэффициенттердің көмегімен өздеріңіз түзете алатын макроэкономикалық көрсеткіштерге жүгіне бермей, адамның қажеттіліктеріне, оның өмір сүру стандарттарына ден қою керек. Ең төменгі жалақыны соның негізінде белгілеу қажет.//
Парламенттің жоғарғы палата отырысында «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялауға қатысты» заң мақұлданды. Бұл Қазақстанда еңбек жағдайын жақсартуға арналған құжат.
АСҚАРБЕК ЕРТАЕВ – ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ //Әдістеме бар, конвенцияны ратификацияладық, енді ең төменгі жалақы жыл сайын қарастырылуы керек. Азаматтық қызметкерлерге біз 99 мың теңгеден көрсеткіш қойып, ақшаны қарастырып қойдық.//
Яғни, келер жылы ең төменгі жалақы 99 мың теңгеге өседі. Алдағы бес жылда ең төменгі еңбекақыны медиандық және орташа айлықтың 50 пайызына теңестіру көзделіп отыр.