#qyzylordatv
Олжас Бектенов халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының өкілдерімен кездесті. Жиында Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту, су ресурстарын бірлесіп басқару және өңірлік әріптестікті күшейту жолдарын талқыланды.
Премьер-министр Қазақстанның бұл қор жұмысына айрықша мән беретінін атап өтіп, оны су және экологиялық мәселелерді шешудегі маңызды құрал ретінде бағалады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының су саласын цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу жөніндегі бастамаларына тоқталды. Себебі су ресурстарын есепке алып мониторинг жүргізудің, автоматтандырылған жүйе енгізудің маңызы жоғары. Биылғы вегетациялық кезең күрделі өткенімен, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан үкіметтерімен үйлесімді іс-қимылдың арқасында Арал бассейнінде су тапшылығының алдын алу мүмкіндігі туды. Кездесу барысында Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан өкілдері де сөз сөйлеп, елдерінің ұстанымын білдірді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ – ҚР ПРЕМЬЕР- МИНИСТРІ
Әр елдің өз ұлттық мүддесі бар, біз оны қашан да қорғауға міндеттіміз. Бірақ біздің ортақ стратегиялық, ұзақмерзімді басым мақсатымыз тату көршілік қарым-қатынас екені сөзсіз. Күнделікті, қысқамерзімді міндеттерді шешуде біз ұзақмерзімді басымдықтарға нұқсан келтірмеуіміз керек. Мәселелерді әрқашан өзара тиімді әрі қолайлы негізде шешу үшін бірлескен шаралар қабылдайтынымызға сенімдімін.