#qyzylordatv
Қызылорда көшелерінің біріне Ұлы Отан соғысының ардагері Ибрагим Нұрымбетовтің есімі берілді.
Ибрагим Нұрымбетов – 1922 жылы Шиелі қыстағында дүниеге келген. Жастайынан ата-анадан ерте айырылып, балалар үйінде тәрбиеленген ол 1939 жылы Ташкент темір жол техникумына оқуға түседі. 1941 жылы әскери комиссариатқа өз еркімен барып, ұрыс даласына аттанады. Жеңісті Венгрияда қарсы алып, 1947 жылы туған жерге оралады. Сөйтіп, ауылшаруашылығы саласында еңбек етті. Ескерткіш тақтаның ашылу рәсімінде сөз алған зиялы қауым өкілдері соғыс ардагерінің батырлығы мен ел үшін еткен еңбегі жайында айтып өтті.
Соғыс ардагері майданда көрсеткен ерлігі үшін үшінші дәрежелі «Даңқ», екінші дәрежелі «Отан» орденімен, сондай-ақ, «Будапештті азат ету» мен «Жуков» атындағы медальдармен марапатталған.
Сұлтан Бейбарыс көшесімен қиылысатын «Саяхат-10» көшесі енді Ибрагим Нұрымбетов есімімен аталады. «Елі мен жері үшін кеудесін оққа тосқан батырдың есімін ұлықтап, оны ұрпақ жадында жаңғырту өнегелі іс» дейді аға тәрбиесін көрген Битұрсын Аймаханов.
Жеңісті жақындатуға үлес қосып, еңбегі де, ерлігі де үлгі болған майдангердің есімі қайта жаңғырды. Айта кетейік, алдағы уақытта аталған көшеге қала әкімдігі тарапынан көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек.