#qyzylordatv
Қорқыт ата мұрасы тұтас түркінің ортақ қазынасы. Бұл ғылыми ортада дәлелденген тұжырым. Демек, құндылықты құнттау да бірлесе атқарар іс. Осы ретте халықаралық «Қорқыт және ұлы дала сазы» фестивалі аясында облыс орталығында ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды. Талқы алаңында белгілі фольклортанушы ғалымдар ұзақ өмірдің сырын іздеген ұзан болмысы турасында тың деректерді ортаға салды.
Қорқыт атаның өмір сүрген кезеңі, туған топырағы туралы ғалымдар түрлі болжамдар келтіреді. Әйтсе де зерттеушілердің көбі Сырдария бойында оныншы ғасырдың басында дүниеге келген деген тұжырымға тоқтап отыр. Демек, түгел түркінің тұлғасына баланған жанның ата қонысы осы өлке. Сондықтан ауқымды жиынның Сыр өңірінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұруы заңдылық. Биыл ғылыми алаңға елімізбен қатар, Түркия, Әзірбайжан және Қырғыз елінің белгілі фольклортанушы ғалымдары арнайы шақыртылған.
Қорқыт Ата түркі халықтарының кеудесіне құдіретті ұран болып ұялаған тұлға. Дала данагөйінің дара мұрасы 2018 жылы Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізілген. Бұл тек Сыр елінің ғана емес, барша түркі жұртының ортақ қуанышы. Жиында әр елден келген ғалымдардар Қорқыт ата хақындағы фольклорлық мұраның түпкі қазығы бір екеніне тоқталып, зерттеу жұмыстарын бірлесе жүргізуге уағдаласты.
ХИКМЕТ КУЛИЕВ – ӘЗЕРБАЙЖАН ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫ ФОЛЬКЛОР ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ /Әзербайжан фольклорында жақсы болмыс иесі ретінде Қорқыт атаның тұлғасы ерекше суреттеледі. Ол тек шығармашылық кейіпкер емес, тұтас түркіге ортақ көсем. Сондықтан біз әлі де бабамыздың болмысын дәйекті түрде зерттей түсуіміз керек. Ол үшін осындай бірлескен талқы алаңының маңызы зор. Бұл ретте Қазақстан тарапының бастамалары баршамызға үлгі/
Сыр төрінде өткен ғылыми-теориялық конференция облыс әкімдігі мен Баку қаласындағы «Түркі мәдениеті және мұрасы» қорының қолауымен өткізіліп отыр. Енді аталмыш ұйымның бастамасымен түбі бір түркі жұртының ортақ мұралары кең көлемде дәріптелмек.
Жалпы, Қорқыт ата мұрасынан сыр шертетін жазбаның он екі жыр нұсқасы бар. Олар Дрезден мен Ватиканда сақталған. Фольклортанушы ғалымдар ұзан өмірін баян еткен жырдың өзге де үлгілері болуы мүмкін, дейді. Мәселен, жазба мұраның бір нұсқасы Ираннан табылған. Демек, тереңнен тартса, әлі де талай жауһар дүние табылары анық.