#qyzylordatv
Қызылорда облысы делегациясының Швейцарияға жұмыс сапары басталды. Сапардың негізгі мақсаты – өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстыру, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар, шетелдік компаниялармен әріптестік байланыстарды нығайту.
Сапардың алғашқы күнінде бірқатар маңызды кездесулер өтті. Алдымен облыс әкімі швейцариялық Harvest Group компаниясының басшысы Алмаз Альсеновпен кездесіп, өңірде заманауи агроиндустриялық кластер құру жобасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Аталған жоба аясында 20 мың гектар жерге техникалық қарасора, жүгері және соя дақылдарын өсіру және қайта өңдеу жоспарланған. Инвестиция көлемі 51 млрд теңге, жоба жүзеге асқанда 150-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Біріккен Ұлттар ұйымының Женевадағы бөлімшесінің бас директоры Татьяна Валовая ханыммен кездесті. Кездесуде Арал өңіріндегі экологиялық ахуал, «Геопарк Арал» жобасы, жасыл энергетика және тұрақты даму бағытындағы бастамалар жан-жақты талқыланды. Біріккен Ұлттар ұйымының өкілі Қызылорда облысының экологиялық және экономикалық даму бағытындағы бастамаларын жоғары бағалап, ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытты.
Сондай-ақ, делегация мүшелері «GGIG»Женева Сауда және өнеркәсіп палатасының төрағасы Винсент Субилия мырзамен кездесіп, Қызылорда облысының экономикалық даму бағыттары мен инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Швейцариялық тарап аймақ жобаларына жоғары қызығушылық білдіріп, іскерлік байланыстарды дамытуға дайын екенін атап өтті.