#qyzylordatv
Биыл Сырдария ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин ауылдық округінің құрылғанына – 50 жыл. Осыған орай елді мекенде мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылып, туған жерін түлеткен азаматтарға құрмет көрсетілді. Жарты ғасырлық тарихы бар ауылдағы торқалы той турасында тілшіміз сабақтайды.
Берекесі мен бірлігі жарасқан Сәкен ауылының тарихы өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан басталады. Әуеліде кішігірім «1 Май» және «Құндызды» атты екі колхоз құрылды. 1949 жылы Каганович колхозы, 1959 Ленин атауын алды. Кейін жиырма бірінші партсъезд атындағы совхозға айналды. Ал 1975 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы совхоз болып, өз алдына отау тікті. Бүгінде екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылдың әлеуметтік-экономикалық, инженерлік-инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Яғни, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекеннің көшелері қайта жаңғыртудан өтіп, түнгі жарық бағаналары орнатылды. Дәрігерлік амбулатория, балабақша мен мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, биыл тұрғындар көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді.
Осылайша, жарты ғасырда жаңаша кейіпке енген елді мекен тұрғындары мерейтойын атап өтті. Өткенін ұлықтап, бүгінін бағамдаған сәкендіктер шараның шымылдығын ауыл мектебінде ақын Оспан Сейфолла атындағы сыныптың ашылуымен бастады.
Қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті оқушыларға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, ақынның шығармалары қойылған. Мұнан кейін, іс-шара «Жарты ғасырлық жол: тарих пен тағылым» атты танымдық конференциямен жалғасты. Жиында аудан әкімі Берік Сәрменбаев ауылдың әр жылдардағы даму деңгейін сөз етіп, алдағы жоспарларын жеткізді.
Қоғам қайраткері Жақай Бодықбаев бастаған зиялы қауым өкілдері тағылымы терең танымдық шараның мазмұнын байыта түсті. Елді мекеннің қалыптасу жолында қажырлы еңбегімен танылған азаматтардың есімін ел жадында жаңғыртты.
Мұнан соң өткен ғасырда ауылдың даңқын асырып, республикаға таратқан еңбек маймалмандары мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне, туған топырағын түлетуге үлес қосқан азаматтарға 50 жылдық медаль мен алғыс хат табысталды.
Мерекелік шара ауылдық мәдениет үйінде облыстық ақындар айтысымен жалғасты. Сыр жүйріктерінің басын қосқан дүбірлі додада Мұхтар Ниязов, Ержеңіс Әбді, Бексұлтан Орынбасар секілді сөз жүйріктері сынға түсіп, нағыз шаппа-шап айтыстың үлгісін көрсетті. Ауылдағы аламанда ұтқыр ой, ұтымды әзілмен қатар, елді мекеннің тарихы туралы тың деректер айтылды.
Жарты ғасырлық мерейтой спорттық сайысқа ұласты. Білекті жігіттер қол күрестірсе, енді бірі бозкілемде белдесті. Мерекелік іс-шара кешкілік гала концертпен қорытындыланды. Ауыл тұрғындары мен қонақтары осылайша әсем ән тыңдап, тамаша кештің куәсі болды.
Міне, осылайша Сәкен ауылындағы қазыналы той ел жадында қаларлықтай терең мазмұнымен ерекшеленді.