#qyzylordatv
Қызылордалық ғалым үйінің ауласында тропикалық жеміс ағаштарын өсіріп отыр. Ол үшін арнайы жылыжай салып, цитрус түрлерін жергілікті климатқа бейімдеген. Бұл тәжірибесін өзі жұмыс істейтін жоғары оқу орнында жалғастырып, болашақ биологтармен бірге түрлі зерттеу жүргізіп келеді.
Ақерке Кеңесбайқызы жиырма жылдан бері жылыжайдың бабын жазбай таниды. Бүгінде оның ауласында тропикалық жеміс ағаштары жайқалып тұр. Банан, лимон, папайя, киви мен мандаринді соңғы үш жылдан бері есік алдынан үзіп жейді.
АҚЕРКЕ КЕҢЕСБАЙҚЫЗЫ - АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ МАГИСТРІ
//Методикалық нұсқаулар жазып, үйретеміз. Бізде биолог, эколог студенттер келіп, оқу-тәжірибе алады. Мектептерде жылыжайлар ашылып жатыр. Биология пәнінің мұғалімі ол біткеннен кейін сол мектепке сабақ беруге барады. Ал оның жылыжайына барған кезде олимпиадаларға дайындап, ғылыми жұмыстарын жүргізіп, орын алып жатқан оқушылар бар.//
Сыр өңірінде күн сәулесінің мол болуы жылыжай шаруашылығын дамытуға үлкен мүмкіндік. Тиісті температура мен топырақ құнарын реттеу арқылы тропикалық ағашты өсіру қиын емес. «Сондықтан цитрус өсімдігі өңірге жерсінбейді деген бос сөз», - дейді ғалым. Жалпы жылыжайда тұқымды егуден бастап, дайын өнімге дейінгі жұмыс жүйелі жолға қойылған. Әр өсімдіктің топырағын дайындау, суару, дәрумендерін берудің ерекше әдісі бар.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше бүгінде өңірде жалпы аумағы 12 гектардан асатын 21 жылыжай жұмыс істейді. Қазіргі таңда оқу орындары білікті мамандарды даярлауға басымдық беріп отыр.
МАРАТ ЖАНҰЗАҚОВ - АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
//Жоқ нәрсені сырттан әкелгенше соны өзімізде өсірейік деп тырысып жатырмыз. Сөйтіп, лимон да, банан да өсіріп жатыр. Жемістерін де алып жатыр. Бар, бірақ көп емес. Үлкен маштабта болып жатқан жоқ. Алайда жеке-жеке істеп жатқандар бар. Көзін тауып алып, жолдарын, технологиясын жақсылап игеріп алса, оны істеу жеңіл болады//
Ғалымдар болашақта цитрус ағаштарының көшетін дайындауды қолға алмақ. Осылайша өңірде тропикалық жеміс өндірісін дамытуды жоспарлап отыр.