#qyzylordatv

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жұмыс сапары Шиелі ауданында жалғасты. Аймақ басшысы онда да тұрғындардың талабын тікелей тыңдап, бірқатар әлеуметтік нысанның ашылу рәсіміне қатысты. Тақырыпты әріптесім Елжас Әбділда таразылайды.

Бестам аудан орталығынан сәл шеткері ауыл. Бірақ қоңсылас қонған елді мекендерден еш кемі жоқ. Аядай ауылда жыл басында заман талабына сай дәрігерлік амбулатория ашылған еді. Енді міне мәдениет ошағы бой көтеріп отыр. 150 орындық клуб келісті-ақ. Мұнда жеткіншектер талабын ұштауға жан-жақты жағдай жасалған. Қазыналы қарттардың да талабы ескеріліпті. Ақ жаулықты әжелер ауылдың алты ауызын су жаңа нысанда орындады.

Жалпы соңғы 3 жылда өңірде 18 мәдениет ошағы пайдалануға берілді. Барлық нысан бір үлгіде салынған. Бастысы, әрбір үйірме сапалы музыкалық аспаптармен қамтылып отыр. Ендігі міндет: талантты өрендерді тамыршыдай танып, тезірек топқа қосу.

Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Өңірдегі өнімді шаруалардың қисынды қағидасы осы. Мәдениет ошағының ашылу рәсімінде облыс әкімі осы ойды алға салып, ағынан жарылды. Шыны керек, аймақта әлеуметтік нысандардың көбі үнемделген қаржы көздері арқылы салынып отыр. Бірақ әлі де қазынаны қармап қалсам, деген қомағайлық басым. Нұрлыбек Нәлібаев шырылдағанға ырылдағандар тосқауыл бола алмайтынын жеткізіп, байырқалы бастамаларды баяндады.

Шежірелі өлкеде пайдалануға берілген келесі нысан – дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл жобаға бюджеттен 338 миллион теңге қаржы бөлінген. Жыл басында қазығы қағылған нысан межелі уақытта аяқталып отыр. Мұнда жас өрендер спорттың бірнеше түрі бойынша шеберлік шыңдайды. Облыс әкімі олимп шыңын бағындыруды көздеген жеткіншектермен жүздесіп, емен-жарқын пікір алмасты.

Биыл Шиелі ауданының бюджеті 17 млрд теңгеден асты. Аудан халқы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіліп,16 елді мекен табиғи газға қосылған. Жуырда 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін кезектілік реті бойынша тұрғындарға 52 пәтерлік 26 жаңа тұрғын үй табысталмақ.

Әлеуметтік нысандардың ашылу рәсімінен соң облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құқық қорғау органдарының бірінші басшыларымен бірге тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жұртшылық сұранысына үн қатып, азаматтардың сындарлы өтініштерін жедел әрі тиімді қарастыратын мұндай кездесулердің маңызы зор. Кейінгі жылдары дәстүрге айналған бастама ел арасында үлкен қолдауға ие болды.

Жеке қабылдауға жазылғандардың басым бөлігі әлеуметтік, ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді қозғады. Облыс әкімі сала басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, заң аясында шешім қабылдау қажеттігін айтты.

Қабылдау қас қарайғанша жалғасып, 50-ге жуық тұрғынның талап-тілегі тыңдалды. Сондай-ақ, облыс әкімі аудан ардагерлерімен жүздесіп, көптің ой-пікіріне құлақ түрді.