#qyzylordatv
Қызылордалық полицейлер мас күйінде көлік тізгіндеген 33 жастағы жүргізушіні ұстады. Оқиға 18 қараша күні сағат түнгі 03:40 шамасында қала көшелерінің бірінде болған. Бұл заңбұзушылық «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталып отыр.
Жүргізуші тоқтату талаптарын ескермей, сақшылардан сытылып кетуге тырысқан. Тіпті, автокөлікті жолдың қарсы бетіне қойып, өзі автокөліктен бой тасалап кетпекші болды. Алайда полиция қызметкерлері оның қашып кетуіне жол бермеді. Жүргізушіні қуып жетіп, ұстады. Тексеру барысында жүргізушінің алкогольдік ішімдік ішкені анықталды. Масаң күйде көлікті басқарған жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Енді, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік қараша айының 18-і мен 23-і аралығында облыс көлемінде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Тәртіп сақшылары үш күнде мас күйінде көлік жүргізудің 4 дерегін анықтаған.