#qyzylordatv
Еліміздің әр өңірінен жиналған Ардагерлер кеңесінің төрағалары қаладағы бірқатар нысанды аралап, аймақтың даму динамикасымен танысты. Делегация мүшелері де сәні мен сәулеті артқан бас шаһардағы ілкімді істерге оң бағасын берді.
Өзге өңірлерден келген делегация мүшелері әуелі қалалық демалыс паркіне аялдады. Мұндағы жаңа аттракциондарды тамашалап, су бұрқақтардың ерекше стильде салынғанына таңданыс білдірді. Ардагерлер паркте естелік суретке түсіп, өздерінің ұялы телефонына таспалады. Ал, республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев қазақ атауының қайтарылғанына 100 жыл толғанын тілге тиек етіп, Қызылорданың астаналық кезеңін сөз етті.
Мұнан соң ардагерлер «Отбасы» орталығының жұмысымен танысты. Отасқандарына 50, 60, 70 жыл болған жандарға алтын той, күміс той ұйымдастырылатын естіп, бұл тәжірибені өзге өңірлерде де қолдану керек деген пікір білдірді. Тіпті, жас отбасылардың шаңырақты шайқалтпай сақтап қалуға арналған арнайы мамандардың жұмысын жоғары бағалады.
Делегация мүшелері мұнан соң «Анаға тағзым» орталығында, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясында болды. Сондай-ақ, Өнер орталығына барып, сыр өнерпаздарының шығармашылығын тамашалады.