#qyzylordatv

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет және қоғам қайраткері Икрам Адырбековпен бірге қаладағы нысандарды аралап, жұмысымен таныстырды. Атап айтсақ, Өнер орталығына, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясына, жаңа жылу-электр орталығына барды.

Икрам Адырбеков алдымен Өнер орталығының жұмысымен танысты. Мың орынға арналған көпфункционалды орталық былтыр ашылған. Мұнда симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар, түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар өткізіледі.

Ал балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы бір мезетте 500, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдайды. Академия қызметі өңір жастарының зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған.

 Икрам Адырбекұлы, сондай-ақ, жаңадан бой көтерген жылу электр орталығында болды. «Акса Энерджи» түрік компаниясы салған жылу-электр орталығы 240 мегаватт электр қуатын, 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Жобаның жалпы құны – 215 млрд. теңге.

Сапар барысында Икрам Адырбеков Сыр өңірі серпінді даму жолына түскенін, әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық жобалардың сәтті жүзеге асқанын атап өтіп, алдағы бастамалардың да табысты болуына тілектестігін білдірді.

Естеріңізге салайық, Икрам Адырбекұлы 2004-2007 жылдар аралығында Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарған.