#qyzylordatv
Астана мен Ереван арасында барлық деңгейде ашық әрі сенімді саяси диалог қалыптасқан. Халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында тығыз, нәтижелі ынтымақтастық жолға қойылған. Мемлекет басшысы екі елдің делегация мүшелерінің қатысуымен өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында осылай деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім саласындағы ықпалдастықтың дәйекті түрде дамып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ мемлекетаралық байланыстар конструктивті сипат алғанын әрі оны жақ-жақты кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар екенін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ \Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы басты саяси және сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Қазақ жұрты армян халқын ерекше қадірлейді. Оның терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Қазір Армения Қазақстан азаматтары көп баратын туристік елдің біріне айналды. Биыл қос халықты жақындастыра түскен айтулы оқиғалар болды: Арменияда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ереванда ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ ашылды.))
Келіссөздер барысында сауда-экономика, көлік-транзит, инвестициялық ықпалдастық, тау-кен, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу, денсаулық сақтау, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Өз кезегінде Армения Премьер-министрі Никол Пашинян бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге және ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге оңтайлы сәт екенін атап өтті.
НИКОЛ ПАШИНЯН, АРМЕНИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ \Қазақстан біздің еліміз үшін өте жақсы үлгі деп санаймыз. Біз қазақ халқын құрметтейміз. Осы құрмет екіжақты ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға негіз болады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзара ықпалдастығымыздың басты бағыттарын ілгерілету жағдайын жан-жақты талқыладық. Өңірдегі өзгерістерді ескерсек, экономикалық және көлік саласындағы қатынастарымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылады. Көлік бағытындағы әлеуетті толық жүзеге асыру маңызды. Оның нәтижелі болатынына сенімдімін.))