#qyzylordatv

Сыр өңірінде республикалық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Жиында мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыланып, атқарылып жатқан жұмыстар сөз болды. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып жүрген түрлі саланың ардагерлеріне құрмет көрсетілді.

Республикалық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, аймақта атқарылып жатқан жүмыстарға тоқталды. Сыр өңірінде соңғы үш жылдың бедерінде байыпты бастамалар қолға алынып, серпінді жобалар жүзеге асуда. Атап айтсақ, бүгінде облыстың барлық макроэкономикалық көрсеткіштерінде өсім бар. Биылдың өзінде өңірге 720 млрд.теңгеден астам инвестиция тартылады. 2022 жылдан бастап екі жүзден астам әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілді. Тұрғындарды баспанамен қамту, елді мекендердің газдандыру, орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу, жол жөндеу жұмыстары кезең кезеңімен орындалып жатыр.

Ардагерлерді ардақтап, қарияларға құрмет көрсету – басты міндеттің бірі. Аймақта осы мақсатта нәтижелі жұмыстар қолға алынып, бірқатар жобалар жүзеге асуда. Қазыналы қарттар қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға бағытталған шараларға белсене қатысып, өскелең ұрпаққа үлгі өнеге көрсетіп жүр.

Жиында республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов көшпелі отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе тоқталды. Цифрландыру, жасанды интелект - заман талабы. Зиялы қауым өкілдері сондықтан заман ағымына ілесіп, технология тілін меңгеруіміз керек,-дейді.

Ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысында елдік пен теңдіктің, тұрақтылық пен татулықтың кепілі, игі істердің ұйытқысы болып жүрген ардагерлер Орталық кеңесінің «Құрмет белгісі» төсбелгісі және алғыс хатымен марапатталды. Ал, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Икрам Адырбекұлына «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі мен облыстың ең жоғары марапаты Құрмет грамотасын табыстады.

Еліміздің әр өңірінен келген ардагерлер мұнан соң Президент саябағына барып, Сыр жастарымен бірге көшет отырғызды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үн қосып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

Облыс әкімі зиялы қауым өкілдеріне қайта жаңғыртудан өтіп жатқан демалыс орталығын таныстырып, алдағы жоспармен бөлісті. Республикалық ардагерлер кеңесінің мүшелері мұнан әрі Нағи Ілиясов ауылының тыныс-тіршілігімен танысады.