#qyzylordatv
Сенаторлар алдағы үш жылға арналған республикалық бюджетке қатысты заңдарды қарады. Отырысқа Үкімет басшысынан бастап жауапты министрлердің барлығы қатысты. Депутаттар сала мамандарын сұрақтың астына алып, бюджетке қатысты сауалдарын қарша боратты. Сенат Төрағасы «ҚазАвтоЖол» мен «Жасыл Даму» компанияларына ескерту жасады.
Келесі жылы республикалық бюджеттің әлеуметтік саладағы шығыстары биылмен салыстырғанда 298 миллиард теңгеге ұлғаяды. Бұл қаражат әлеуметтік төлемдерді арттыруға, денсаулық сақтау жүйесін, сондай-ақ, ғылым мен жоғары білім беруді дамытуға бағытталады. Жергілікті бюджеттерге берілетін қаражаттың жалпы сомасы 10,5 пайызға немесе 531 миллиард теңгеге өсіп, 5,5 триллион теңгені құрайды. Бірақ Үкімет басшысы мемлекет жұмыс істеуге қабілетті адамды бағып-қақпайтынын естіртіп және ескертіп айтты.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ
//Мұның бәріне бірдей ұнай бермейтіні түсінікті. Дегенмен, Үкімет мұндай саясатты жалғастырады. Мемлекеттен әлеуметтік қолдауды түрлі объективті факторларға байланысты жұмыс істеу және өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкіндігі жоқ азаматтар ғана алатын болады. Жұмыс істей алатын адам еңбектенуі тиіс. Мемлекет оны бағып-қақпауы тиіс және бағып-қақпайды да. Біз бұл жұмысты одан ары жалғастырамыз.//
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «ҚазАвтоЖол» мен «Жасыл Даму»-ға қатысты ескерту жасады. Осы екі компанияның өзіне ғана бюджеттен 730 млрд теңге бөлінген. Яғни, қаражат жолдан да түседі, бюджеттен де түседі. Бірақ түскен қаражаттың жұмсалуына тиісті бақылау жоқ деп сынады.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
//Міне, қазір біз өңірлер үшін қаражат іздеп жатырмыз, мысалы, инфрақұрылымға 1 млрд немесе 500 млн. Біз осы екі компанияға, басқалары туралы әзірге айтпай-ақ қоялық, бюджеттен қаражат бөлінуі жалғасып жатқанын көріп отырмыз. Сәйкесінше, сұрақ туындайды: неге біз оларға қосымша қаражат қарастырамыз? Сондай-ақ бұл компаниялардың қаражатын бақылауға қатысты да мәселе бар. Ақша Бірыңғай қазынашылық шотты айналып өтіп жатыр. Демек бұл қаражатқа парламенттік және қаржылық бақылау әлсіреген. Бюджеттік рәсімдер орындалмайды. Яғни, тәртіп жоқ және осы қаражатты ұтымды пайдалану туралы сұрақ туындайды.//
Келер жылы халықтың шамадан тыс несие алуын шектейтін құрал іске қосылады. Бұл құрал халықаралық практикада қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалап, олардың жалпы берешегін шектеу үшін кеңінен қолданылады. Ал жалпы ішкі өнімге тоқталсақ, үш жылда орташа жылдық өсім 5,3 пайыз болады деген болжанған. Кіріске келсек, 2026 жылы 19,2 трлн, ал шығысы 27,7 трлн теңге. Дегенмен бюджет шығысының үштен бірінен көбі әлеуметтік салаға жұмсалмақ. Сенаторлар талқылау қорытындысы бойынша екі заң жобасын қолдады. Өңірлерді дамытуға қосымша қаражат бөлді. Осыған байланысты бірқатар түзетулер енгізіп, құжаттарды Мәжіліске кері қайтарды.