#qyzylordatv

Жаңақорған агротехникалық колледжінде техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға бағытталған облыстық семинар өтті. Колледж базасында ұйымдастырылған шарада бірқатар өндірістік мекемемен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қолынан іс келетін адамға еңбек нарығында әрдайым орын бар. Технология дамығанымен, адам қолының шеберлігі мен кәсібилігіне сұраныс ешқашан төмендеген емес.Осындай кәсіп иелерін дайындайтын білім ордасының бірі - Жаңақорған агротехникалық колледжі. Бүгінде мұнда 19 мамандық бойынша кадрлар даярланады. Осы орайда семинарға қатысушылар колледждің оқу шеберханасы мен зертхана жұмысын көріп, өндірістік жабдықтардың қолданылу барысын тамашалады.

Семинардың басты мақсаты – білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты арттырып, студенттердің кәсіби тәжірибесін күшейту. Осыған орай кәсіпорындармен меморандумға қол қойылып, түлектерді жұмысқа қабылдау бағытында нақты міндеттемелер бекітілді. Шара барысында бірнеше студентке жолдама тапсырылды. Соның бірі – ветеринария мамандығы бойынша білім алып жүрген студент Ерсайын Оспан.

Семинардың ерекшелігі — «Шалқия Цинк» кен өндірісіне арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Журналисттер жерасты шахтадағы жұмыс барысымен танысып, дәл осы мекемеде еңбек етіп жүрген колледж түлектерімен жүздесті. Бұл — білім мен өндіріс арасындағы әріптестіктің нақты нәтижесі дейді колледж түлегі Мұхаммед Жұмабек.

Осылайша жұмыс беруші мен білім беру жүйесінің өзара байланысы нарық жағдайында бәсекеге қабілетті жастардың қалыптасып келе жатқанын көрсетіп отыр.