#qyzylordatv

Облыс орталығында қоғам қайраткері, Ауған соғысының ардагері, облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің негізін қалаушы Қайраддин Баймахановты еске алуға арналған «Елі деп туған ер тұлға» атты «Arashi MMA» жекпе-жек спортынан республикалық турнир өтті. Шарада Қайраддин Әлібайұлының өнегелі өмір жолы жастарға үлгі ретінде ұсынылып, ел үшін жасаған игі істері ерекше аталып өтті.

 Турнирдің ашылу салтанатына Азаматтық қоғам институттарының өкілдері, ұрыс даласы оқиғаларының ардагерлері арнайы қатысып, қоғам қайраткерінің ел игілігі үшін жасаған еңбегіне тоқталды.

 СЕРІК ДҮЙСЕНБАЕВ – ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

 Әрине, өмірден озғанына көп бола қойған жоқ, бірақ артында үлкен із қалдырған азамат. Әскери борышын сонау Ауған жерінде өткізіп келгеннен кейін осында келген қарулас достарының басын қосып, үлкен ардагерлер ұйымын құрды. Ардагерлер ұйымын құрып, сол қарулас достарының барлық мәселелерін шешуге зор ықпал жасады. Біздің облыстық ардагерлер кеңесімен тығыз байланыста болды. Өздерінің үлкен мәселелерін біздің алдымызда көтеріп, қоян-қолтық жұмыс жасадық ол кісімен. Өзінің орны бөлек азамат еді.

 Қайраддин Әлібайұлы ел дамуына үлкен үлес қосып, қоғамдық-саяси өмірге белсене араласып, азаматтық қоғамды дамытуда бірқатар бастамалар көтерді. Сондай-ақ, ұрыс алаңында қаза тапқан майдандастарының ерлік істерін өскелең ұрпаққа насихаттау, олардың есімдерін мәңгі есте сақтау жолында еңбек етті.

 ҚУАНЫШБЕК ЫСҚАҚОВ – АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ

 Қайраддин Баймаханов ол қоғам қайраткері, Ауғанстан соғысының ардагері, Қызылорда облысының ардагерлері кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Жасыратыны жоқ, Ұлы Отан соғысынан кейін ең сұрапыл соғыс өздеріңіз білесіздер Кеңес Одағының кезінде Ауғанстан жеріндегі соғыс болатын. Сол соғысқа біздің жерлесіміз, біздің қарулас досымыз, ағамыз Қайриддин Баймаханов алғашқылардың бірі болып аттанды. Ауғанстан жерінде өзінің антына берік болып, интернационалдық борышын абыроймен орындады. Қызылорда облысына келгеннен кейін ғұмырлы өмірінің барлығын осы жастарды тәрбиелеуге жұмсады.

Азамат жігіт. Артынан із емес, үлкен жол қалды.

 Спорттық шараға Түркістан облысы, Шымкент, Қызылорда қаласынан 7-16 жас аралығындағы 184 спортшы қатысты. Турнирге қатысушылардың бірі – Темірлан Серік. Ол бұл спорт түрімен 6 жастан бастап айналысып келеді.

 ТЕМІРЛАН СЕРІК – СПОРТШЫ

 Бұл жарысқа осы Қызылорда қаласынан келдім. Жасым 15-те. Бірінші жарыс емес, көптеген жарыстарға қатысқанмын. Осы спортқа әкеммен келдім. Әкем алып келді. Болашақта осы спортты қуалағым келеді. Спортты қуалап, жақсы-жақсы жетістіктерге жетіп, профессиональный борец болғым келеді.

 АЗАМАТ ОРАЗБАЕВ – ARASH MMA ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

 Жарысқа қатысушылардың жас аралығы 6-7 жас пен 16-17 жас аралығында өтіп жатыр. Өте қарқынды дамып келе жатыр. Әлемдік деңгейдегі спорт түрі бұл. Қазіргі таңда 100-ден астам қатысушы қатысып жатыр. Облыс бойынша және Түркістаннан команда келді, Шымкент қаласынан келді.

Турнирде жас спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, әдіс-тәсілдерімен көзге түсті. Нәтижесінде 55 спортшы алтын медаль иеленсе, 44 спортшы күміс, 37 спортшы қола медальмен марапатталды.