#qyzylordatv

Қармақшы ауданында былғары қолғап шебері Ерлан Нысанбаевты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтіп жатыр. Биыл он бірінші мәрте ұйымдастырылған байрақты бәсекеге елімізбен қатар көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекетінің спортшылары қатысуда.

Ерлан Нысанбаев 1989 жылы Жосалы кентінде дүниеге келген. Ол бала кезінен бокс үйірмесіне қатысып, аз ғана уақыттың ішінде өзінің жеңіске деген құштарлығы мен қабілетін таныта білді. 2005 жылы Алматы қалалық әскери спорт мектебіне оқуға түсіп,талай жарыста жүлдені қанжығасына байлап үлгерді. Алайда ғұмыры тым қысқа болды. Небәрі 19 жасында дүниеден өткен спортшыны жерлестері тебірене еске алды.

 ДИАС МОЛДАБАЕВ – АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ //Ерлан Нысанбаевтың еңбегі мен табандылығы бүгінгі өсіп келе жатқан жас боксшыларға үлкен үлгі болып отыр. Ол облыстық және республикалық додаларда үздік атанып, талай жетістіктерге жетті...//

 Ең алғаш аудандық деңгейде өткен турнир бүгінде халықаралық дәрежеге дейін көтерілді.

БАҚЫТЖАН НЫСАНБАЕВ – Е. НЫСАНБАЕВТЫҢ ӘКЕСІ //Турнирдің ауқымы жылдан жылға кеңейіп келе жатыр. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. Қазіргі заманда жастарымыз спортпен шұғылданса алдағы уақытта да үлкен жарыстарға шығуына мол мүмкіндік алады. Көршілес елдерден келген спортшыларда елімізде оның ішінде ауданымызда осындай белгілі спортшы бар екенін айтып барады.//

2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы біріншілікке Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және еліміздің 7 облысынан, 260 жас спортшы қатысып, 15 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынауда.

ЖАЛҒАС БЕКМҰРАТОВ – ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ //Жарыстың мақсаты жас былғары қолғап шеберлерінің тәжірибесін шыңдау. Бокс спортын насихаттау. Жарыс 5 күнге жалғасады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 20 шы желтоқсан күн анықталады. Сондай-ақ, үздік атанғандар спорт шеберлігіне үміткер атағы беріледі.//

 Хамит Тәліпов дәл осы турнирде өткен жылы топ жарған жеңімпаз. 46 келі салмақта өнер көрсететін спортшы биыл да бас жүлдеден үмітті.

ӘЛИНҰР БАҚЫТБЕКОВ – ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ // Біз Қырғызстан елінен келдік. Командамызбен осы жарысқа өте ұзақ уақыт дайындалдық. Жаттықтырушы ағайларымызға үлкен алғысымды айтамын. Жаңа ғана Қазақстандық спортшымен бокстастым. Мықты деп айта аламын. Бірақ, есеп бойынша жеңіске жеттім. Бұйырса осы турнирде жеңіске жетемін деген сенімдемін.//

 Айта кетейік, халықаралық турнир желтоқсанның 20-сы күні мәресіне жетеді. Ақтық финалда жеңімпаз атанған спортшылар арнайы белдік және медальдармен, сондай-ақ ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Мұнан бөлек, үздік ойын өрнегін көрсеткендерге «спорт шеберлігіне үміткер» атағы табысталады.