#qyzylordatv

Махаббат, таңдау, қорқыныш және үміт. «Томирис» би ансамблінің «Адамзат пен махаббат» хореографиялық қойылымы бұл сезімдерді би тілінде ұқтырды. Мазмұнды кеш көрерменнің көңіл пернесін дөп басып, адамның ең басты құндылық екенін аңғартты.

 Сан алуан сезім, терең таным мен үйлесімді ырғақ. Мұның бәрі «Адамзат пен махаббат» қойылымында біріктірілген. Спектакль ансамбльдің бас балетмейстері Гүлбану Мырзабаеваның «Адам және Хауа ана» хореографиялық пьесасымен басталды. Бұл туынды махаббатты материалдық құндылығы жоқ, бірақ адамның ең үлкен қазынасына айналған сезім ретінде бейнелейді.

Сахнада түрлі эмоциямен қатар адамның басынан өткеретін сынақ пен қиыншылық қамтылды. Солардың бірі – би арқылы тәуелділік мәселесін зерттейтін «Құмар ойын» хореографиялық қойылымы. Спектакльдің түпкі мағынасы адамның өз жолынан оңай адасып кететінін және уақытында дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығын көрсетеді.

 «Томирис» би ансамблі аймақта ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де танымал. Өнер ұжымы халықаралық сахналарда қазақтың хореографиялық өнерін кең көлемде насихаттап келеді. Көрермендер «Өнерпаздар сөзбен жеткізу қиын нәрсені би арқылы жеткізе білді» дейді.

 Хореография арқылы әртістер әрбір аудиториямен байланыстың беки түсітінін түсіндірді. Әрі шынайы сезімдер мен өмірлік жағдайларды жеткізді. «Адамзат пен махаббат» қойылымы махаббаттың, сенімнің құдіретін, бидің сұлулығын тағы бір мәрте паш етті. Ансамбль жаңа ауқымды жобалар мен қойылымдарды жоспарлап, 25 жылдық мерейтойға дайындықты жалғастыруда.