#qyzylordatv
Қазақ музыка өнерінің шоқтығы биік туындалары, ел есінде сақталған ескі де есті әндер Сыр сахнасында шырқалды. Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйінде өткен лирикалық кеште облыстық филармония әншілері өнер көрсетіп, үш бірдей алып тұлғаның шығармашылығын ұлықтады.
Тұманбай Молдағалиев, Сейдолла Бәйтереков, Кеңес Дүйсекеев. Үш әлем, үш алып, үш тұлға. Облыстық филармония ұйымдастырған керемет кеште қазақ өнерінің майталмандары, қайталанбас дарын иелерінің есімі жаңғырып, ән болып қалықтады.
«Саз әлемінің сұңғыла суреткері, музыка майталманы, ән өнерінің шыңына шыққан шоқтығы биік тұлға». Бұл ұлттың бағына туған тума талант, ерекше дарын иесі Кеңес Дүйсекеевке елдің берген бағасы. Көрнекті композитор көзі тірісінде екі жүзден астам ән жазған. Кеште Сырда туған сазгер Дүйсекеевтің ел аузында жүрген белгілі шығармалары орындалып, көрермен ерекше ләззат алды.
Сейдолла Бәйтерековтің әндерінде нәзік лирика мен халықтық саз тамаша үйлесім табады. Әрбір туындысында тыңдарманды баурап алатын мөлдір сыр, жүректі елжірететін терең сезім бар. Ал, Тұманбай Молдағалиев қазақ поэзиясында өшпес мұра қалдырған қарымды қаламгер. Ақынның бес жүзден астам өлеңіне ән жазылған. Филармония әншілері соның ішінде шоқтығы биік «Қаздар қайтқанда», «Қайран менің жүрегім», «Құстар әні», «Өкінбе сен» сияқты туындыларын тыңдарман назарына ұсынды.
Лирикаға толы әуендер көрерменнің жүрек қылын тербеп, нәзік сезімге бөледі.