#qyzylordatv
Бүгін премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен үкімет отырысы өтті. Жиында шағын бизнесті қолдау шаралары турасында бірқатар мәселе қаралды. Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте аймақ басшысы осы бағыттағы өңір көрсеткішін таразылап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы мәз емес. Беріліп тұрған қаржының бүйірін шығарып жұмсай алмайтын әкімдер бар. Әріптесім Елжас Әбділда сабақтасын.
Биыл облыста шағын және орта кәсіпкерлік саласын өрістету мақсатында 40 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қомақты қаражаттың басым бөлігі тыңнан түрен салуды көздеген азаматтарды қолдауға бағытталған. Осы секторда бас-аяғы екі жарым мыңға жуық жоба қолдау тауыпты. Келер жылға да жоспар үлкен. Әзірге 453 жоба мақұланып отыр. Тиімді бастамаларды таразылауға «Іскер аймақ» біріңғай бағдарламасы сеп болмақ.
МӨЛДІР ТӘУІПБАЕВА – ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ / Үкіметпен әзірленген «Іскер аймақ» бизнесті біріңғай қолдау бағдарламасын 3 бағытта жүзеге асыру шаралары атқарылатын болады. Атап айтқанда, 200 млн теңгеге дейінгі банк несиелерін «Даму» қоры арқылы субсидиялау, қарджылық емес қолдау шарасы, яғни, «Даму» қоры арқылы онлайн оқыту және де бюджеттік бағдарлама әкімшілері, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мемлекеттік жекеменшік әріптестік арқылы дамыту.../
Бүгінде облыс бойынша 113 мың тұрғын кәсіпкерлік саласында еңбек етуде. Бұл жұмыс істейтін азаматтардың үштен бір бөлігі. Яғни, осы сектордың түлеуі тікелей тұрғындардың тұрмысына сеп. Бұл бағытта тиімділігін көрсеткен бастаманың бірі «Ауыл аманаты» жобасы. Аталмыш бағдарлама шеңберінде биыл өңірге бес жарым млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл аймақтар арасында Түркістан облысынан кейінгі көрсеткіш.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ / Қала, аудан әкімдері «Байқоңыр» ӘКК бірге нақты жұмыс жасап, мына қаражатты толық игеретін болыңыздар. Ең қажетті деген жобаларға қаржы берілетін болсын. Барлығы бір ауданға, болмаса қалаға кетіп қалмасын. Жан-жақты қаралатын болсын.../
Жалпы, «Ауыл аманаты» бағдарламасының басталғанына 3 жыл болды. Жаңашыл жобаларды қаржыландыру бойынша Сыр өңірі көш басынан түскен емес. Десе де әлі күнге дейін бірде-бір жоба ұсынылмаған ауылдар бар. Бұл тікелей аудан әкімдерінің шалалығы деді, аймақ басшысы. Енді міне солар үшін сын сәт.