#qyzylordatv
Биыл елімізде қаржылық мониторинг агенттігінің құрылғанына 5 жыл толды. Аталмыш агенттік мамандары қоғам дертіне айналған лудомания, қаржылық пирамида секілді келеңсіздіктермен мейлінше күресіп келеді. Десе де бұл тұтас қоғам үн қосарлық ортақ мәселе. Осы орайда облыс орталығында ақындар айтысы ұйымдастырылып, саладағы түйіткілдер өткір өлеңге арқау болды.
Заман дамып, техника жетілген сайын алаяқтардың алдау тетігі күрт көбейді. Қазір қаржыға құныққандарды құрықтау оңай шаруа емес. Бұл ретте жыл басынан бері аймақта 48 қылмыстың жолы кесілді. Бірақ қарашаны қарызға батырып, сытылып кеткендер тіпті көп. Сондықтан болары болып, бояуы сіңгеннен кейін күпінгенше, қоғамдық иммунитет қалыптастыру маңызды. Жұртшылыққа жол көрсетудің бірден-бір тетігі осы айтыс алаңы.
Аймақтық сөз сайысында 8 ақын бақ сынады. Жеребе арқылы анықталған 4 жұпқа тақырып та түрліше берілген. Бірі қоғам дертіне айналған лудомания кеселін жырласа, енді бірі дропперлердің айласын айтып бақты. Тез баюдың жоқ жолын көрсетіп, ертегіге еліткен қаржы пирамидасының көпестері де тақырыпқа арқау болды.
Сөз сайысында ұтқыр ой, ұтымды әзілге де орын табылды. Қыз бен жігіт айтысының қызығына да қарық болды көпшілік. Дүбірлеп өткен доданың қортындысы бойынша жүлделі үшінші орынды Ержеңіс Әбді иеленсе, жас ақын Нұрзат Қару екінші орынды еншіледі. Ал, қызылордалық Мөлдір Айтпай бірінші орынға лайық деп танылса, бас жүлде Сыр сүлейлерінің ізбасары Бексұлтан Орынбасаровқа бұйырды.
Осылайша, заң мен тәртіп тағылымы таразыланған айтыста өзекті мәселелер ашық айтылып, жұртшылыққа құқықтық ақпар берілді.