#qyzylordatv

Елімізде 16 жасқа толмағандарды онлайн-платформаларда тіркеуге тыйым салатын заң жобасы дайындалды. Құжатты Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірледі. Яғни, цифрлық кеңістіктегі балалардың құқықтарын қорғау мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы. Осы ретте жерлестеріміздің ойы қалай және психолог мамандар не айтады, тілшіміз толықтырсын.

 АНЕЛЬ МӘДИ – ТІЛШІ: ЮНЕСКО ұйымы былтыр әлем елдеріндегі білім мекемелерінде ұялы телефон қолдануға тыйым салу бастамасын көтерді. Өйткені смартфонға аңсары ауған баланың сабаққа зауқы болмай, үлгерімі төмендейтіні анық. Осы заңнама аясында:Франция – мектепке смартфон алып кіруге; Ұлыбритания – бастауыш сыныптарға ұялы телефон қолдануға; Қытай – тәулігіне 1 сағаттан артық смартфон қолдануға тыйым салды.

 Әлеуметтік желілер балаларға ықтимал қауіп төндіреді, өйткені олар қорқыту және оларға қатысты алаяқтық әрекеттердің алаңына айналуда. Сонымен қатар, бұл платформаларда балалардың психологиялық денсаулығына теріс әсер ететін заңсыз мазмұн жиі таралатыны мәлім. Ал, ең қорқыныштысы бүгінде балалар арасындағы смартфонға тәуелділік артқан.

 Министрлік жобасына сәйкес, 16 жасқа толмағандарға видеохостингте, әлеуметтік желілерде, контент платформаларда аккаунт ашуға болмайды, тек мессенджерлерде рұқсат беріледі. Бұл бастаманың мақсаты – балаларды зиянды және заңсыз контенттен қорғау. Жерлестеріміз мұндай өзгерісті қолдайтынын айтып отыр.

 АНЕЛЬ МӘДИ – ТІЛШІ: Әлем елдері смартфонға шектеуді күшейтіп жатқан шақта, басты мақсат – баланы технологиядан алыстату емес, оны қауіпсіз әрі тиімді қолдануға үйрету. Сондықтан, мәселеден қашудың емес, мамандармен бірлесе отырып оны шешудің жолын іздегеніміз абзал.