#qyzylordatv

Ең бастысы, Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруға тиіс! Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады, - деді Президент күні кеше Ұлттық құрылтай отырысында. Биыл Парламент сайлауы өтеді. Жаңа Парламент қандай болуы тиістігін Мемлекет басшысы айтты, осы тақырып аясында өз пікір-пайымымен Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те бөліскен болатын.

МҰРАТ ӘБЕНОВ – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

  Бірпалаталы Парламент болу дегеніміз бұл депутаттарға үлкен жауапкершілік жүктейді және уақыт үнемдейді дер едім. Өйткені енді заң жобалары бір палатадан екінші палатаға өтіп, уақыт жоғалтпайды. Әдеттегідей Мәжілісте қабылданып, кейін 1,2 ай өткенде Сенат қарап, халық Заңды ұзақ күтіп қалатын. Ең бастысы, Президент айтқандай, Парламент кәсіби болуы тиіс. Барлық депутат заңды дұрыс жаза білу керек, экономикадан мықты хабары болу керек, қоғамдық ахуалдан жақсы хабардар болу керек, билік тармақтары бір-бірімен қалай байланысатынын түсінуі міндетті. Кәсіби Парламент дегеніміз бұл өз жұмысын тиісті дәрежеде істей білетін орган. Бұл ретте партиялар салмақты қадамдар жасаулары тиіс. Өйткені жаңа Парламентке жол партиялар арқылы жасалады. Сондықтан олар алдын ала кәсіби әрі білікті тұлғаларды таңдаулары тиіс. Әгәрәки олар заң жазуға қабілеті жоқ жәй бір әйтеуір танымал деген адамдарды жинаса, ол – партияға сын. Енді партиялар бір-бірімен үлкен бәсекеге түсетін кезең келді. Саяси ұйымдар осыны ескере кіл мықты деген кәсіби тұлғаларды Парламентке ұсынғандары дұрыс.

Сондай-ақ, Президент өз сөзінде мойнына жауапкершілік алудан қашатын шенеуніктер туралы да айтты. Бұл сынның Парламент депутаттарына да қатысы бар. Ендігәрі Үкімет пен Парламентке өзіне жауапкершілік ала алатын адамдар келуі керек. Басымен жауап беретін азаматтар атқа қонуы қажет. Бұл маңызды. Жауапкершілік күшейеді. Сенім күшейеді.