#qyzylordatv
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Президенттің Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында берген тапсырмаларын орындау мәселесі қаралды. Алқалы жиында Сыр өңіріне қатысты бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыру жүктелген болатын. Облыс әкімі осы мәселеге байланысты жауапты сала басшыларымен бірге алдағы жұмыс жоспарын талқылады. Ұлттық құрылтайдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан бірқатар азаматқа құрмет көрсетті.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда Солтүстік Арал теңізін сақтау және халықаралық су ынтымақтастығын дамытуды одан әрі ілгерілету шараларына қатысты нақты тапсырма берді. Атап айтсақ, жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңін қаржыландыру мәселесі халықаралық ұйымдар есебінен шешілуі тиіс. Нәтижесінде Көкарал бөгеті қайта жаңғыртылып, теңіздегі су деңгейі 44 метрге дейін көтеріледі, ал аумағы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғаймақ. Тағы бір маңызды жоба, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автодәлізінің Қызылорда мен Ақтөбе арасындағы жолды бірінші санатқа ауыстыру. Премьер-министр Үкімет отырысында екі өңірді байланыстыратын төрт жолақты жол құрылысын тезірек бастау керектігін айтты.
«Бейнеу-Сексеуіл» жолының да құрылысы биыл басталады. Жалпы 559 шақырымды құрайтын автобанның 189 шақырымы біздің өңірге тиесілі.
Тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи үлгідегі кітапхана да біздің өңірде салынады. Жаңа драма театр бой көтереді. Үкімет басшысы бұл жобаларды қаржыландыруға байланысты тиісті министрлікке тапсырма берді. Президенттің ерекше қолдауының арқасында Сыр өңірінде осындай ауқымды жұмыстар қолға алынбақ. Облыс әкімі жиын соңында құрылтайдың бесінші отырысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан түрлі сала өкілдеріне алғысын жеткізді. Соның ішінде тәулік бойы тынбай тірлік істеген коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті.