#qyzylordatv

Экономика өсті, жалпы ішкі өнім мен жан басына шаққандағы табыс өңірдегі рекордтық көрсеткішке жетті. Өткен жыл Қазақстан үшін экономикалық өсім мен қоғамдық жаңғыру кезеңі болды. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында ел дамуының негізгі көрсеткіштерін атап берді. Президент сондай-ақ Салық кодексін қажет болған жағдайда оған түзетулер енгізу керек деді.

Біз бір ел, бір халық болып жұмыла білгеннің арқасында өткен жылды мол табыспен аяқтадық. Осылай деген Президент 2025 жылғы жетістіктерімізге тоқталды. Мәселен, былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өскен. Сондай-ақ жалпы ішкі өнім көлемі едәуір артқан.

Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40 пайызға жақындады. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта 50–60 пайызға дейін өсуі мүмкін. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Оған қоса Президент құрылтай отырысында жаңа Салық кодексін қолдануға қатысты да барлық орынды ұсыныстарды мұқият зерделеп, қажет болған жағдайда оған түзетулер енгізу керек, – деді.

Бұл кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық, – дейді экономистер. Айта кету керек, шағын және орта бизнес елдің экономикасын көтеріп қана қоймай, 4,5 млн адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұл Қазақстандағы еңбекке жарамды азаматтардың тең жартысы. 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енді.

 Ауыз толтырып айтарлық тағы бір маңызды жаңалық – халық саны 20,5 миллионға жуықтады. Сондай-ақ азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті. Ең бастысы, қоғам өзгерді, реформаларымыз тұрақты сипатқа ие болды, халықтың сана-сезімінде үлкен бетбұрыс жасалды дейді Мемлекет басшысы.