#qyzylordatv
Жалағаш ауданында жол құрылысы және газдандыру бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда. Былтыр жол құрылысы қарқынды жүргізіліп, елді мекендердің ішкі көшелері орташа және күрделі жөндеуден өтті.
Бүгінде аудан бойынша елді мекендерге бағытталған негізгі күре жолдардың барлығы жөнделген. Осылайша ауданаралық жолдардың мәселесі толық шешімін тапты, дейді аудан әкімі.
АРДАҚ ИБРАИМОВ – ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгінгі күнге Жалағаш ауданының жол саласы бойынша барлығы 3,4 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданды. Алдағы уақытта бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең кезеңімен жүзеге асатын болады. Аймақ басшысының қолдауымен аудандардың шеткі аймақтарында орналасқан елді мекендерін дамыту тапсырмасына сәйкес Жаңадария, Аққыр елді мекендерінің 5 көшелерін күрделі жөндеуден өткізуге ағымдағы жылға бюджеттен 656 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған ауылдардың көшелерінің мәселелері толық шешімін табатын болады.
Қазір аудан халқының 50 пайызы көгілдір отынмен қамтылған. Былтыр Қаракеткен мен Далдабай елді мекендерін газдандыруға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, газ желісін тарту жұмыстары басталды. Қазір нақтыланған бюджеттен тиісті қаржы бөлу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Бұқарбай батыр елді мекенін газдандыру мақсатында демеушілер есебінен жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім салалық министрлікке жолданған.