#qyzylordatv

Жез киік, біздің жаққа қалай келдің? Бұл әннің атауы ғана емес, қазір теңізді өлке тұрғындары үшін басы ашық сұрақ болып тұр. Әлеуметтік желіде ақбөкендердің Арал қаласына еркін енуіне қатысты бейнежазбалар жиі тарауда. Шынында оның себебі не? Қазір оған қатысты қандай шаралар атқарылып жатыр? Тілшіміз Асқар Тәжиевтің экслюзивті репортажына зер салайық.

 Асқар Тәжиев – тілші

//Қыстың қақаған аязы дала тынысын тарылтты. Қар құрсауында қалған кең сахарада қорек таба алмаған ақбөкен ауылға, тіпті қала шетіне қарай бет алды. Бұл — жабайы табиғаттың адамнан пана сұраған үнсіз дабылы//

 Қазір облыс аумағында 60 мыңнан астам ақбөкен шоғырланса, оның 35 мыңға жуығы Арал маңын мекен етіп жүр. Киіктің елді мекенге жақын жүруі «далалық аумақтарда қоректің азаюымен қатар, табиғи көші-қон жолында кедергінің көбеюі» дейді мамандар.

 Аралдықтарды ақбөкендердің ауыл-аймақтан алыстамауы алаңдатып отыр. Төрт-түлікпен қатар өріп, жайылымын жайпаған аңнан келетін ауру-сырқаудан да қауіптенеді. Мәселен биыл инспекторлар 12 бас киік аталығының өлексесін жинап, залалсыздандырған. Мамандар мұны табиғи өлім-жітімнің болуымен байланыстырады.

 Ақбөкендерді азықтандыру үшін жем-шөп шашу жұмыстары да ұйымдастырылған.

 Айдауға жүрмейтін аңды табиғат қорғаушылары қалт жібермей қадағалап отыр. Ал киіктің Арал маңын мекендеуі миграция мезгілінде ғана болатын жағдай дейді.