#qyzylordatv
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар инфрақұрылымдық жобалармен танысты. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы аясында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлерлік нысандарды аралап көрді.
Арал-Тоқабай-Абай су құбырының жалпы құны 8,01 миллиард теңге болса, оның 3,6 миллиарт теңгесі мемлекетке қайтарылған активтер есебінен бөлініп отыр. Бүгінде Тоқабай ауылының халқа таза ауыз суды тұтынуға көшсе, Абай ауылында ішкі желілік жұмыстар атқарылуда. Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов су айдау станциясында болып, атқарылған жұмыстарды көрді. Ауданға қарасты Ерімбетжаға, Тастүбек ауылдары да орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылды. Ералы Лұқпанұлы шалғай елді мекендерде маңызды жобалардың жүзеге асуы мемлекет қолдауы екенін атап өтті. Мұнан соң елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мәжіліс өткізді. Жиын қорытындысында бірқатар нақты тапсырмалар беріліп, жауапты мемлекеттік органдарға жобаларды мерзімінде әрі сапалы аяқтау жөнінде міндеттер жүктелді.
Ералы Тоғжанов сапар барысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша мемлекеттен қолдау алып, кәсібін бастаған азаматтармен кездесті. Шағын кәсіпті дамыту бағытындағы барлық бастамаларға лайықты қолдау көрсету қажеттігін айтты.
Премьер-министрдің кеңесшісі «Көлдеев» жеке кәсіпкерлігіне қарасты мал сою пунктінде де болды. Мұнда тәулігіне 20 бас ірі қараға дейін сойылады. Әрі аудандағы жартылай өнім дайындайтын кәсіпкерлермен келісімге келген. Кәсіпкер болашақта мал сою алаңын кеңейте түсуді көздеп отыр.