#qyzylordatv
Сырдария ауданында қуаттылығы 1100 мегаватт болатын бу-газ қондырғысы салынады. Биыл басталатын құрылысқа 280 гектар жер бөлінді. Қондырғы толық іске қосылғанда аймақтағы электр қуатына деген тапшылық жойылып, 500-дей адам жұмыспен қамтылмақ. Сондай-ақ, суды аз қажет ететін дақыл егу және ауыл шаруашылығын әртараптандыру мақсатында жүгеріні терең өңдейтін зауыт құрылысы басталады. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев журналистерге арналған баспасөз жиынында былтыр атқарылған жұмыстарға есеп беріп, алдағы жоспарымен бөлісті.
Бүгінде аудандағы шаруашылық құрылымдармен екі мың гектарға жүгері егуге келісімдер жасалуда. Сонымен қатар газ өндіру зауытының құрылысына қатысты келіссөздер жүріп жатыр деді Берік Сәрменбаев.
Ал былтыр Ұлттық жобалар аясында 16 жоба бекітіліп, жыл көлемінде 189 жаңа жұмыс орны ашылған. Осылайша, жыл қорытындысымен жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды құраса,аудан экономикасына 89,5 миллиард теңге инвестиция тартылды.
БЕРІК СӘРМЕНБАЕВ – СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ //2025 жылы аудан экономикасындағы барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Өнеркәсіп өндірісі ұлғайып, инвестиция көлемі артты.Егін шаруашылығында су үнемдеу технологияларының нәтижесінде өнімділік артты. Мал басының саны мен өнім көлемі де өсіп келеді.//
Ауданда тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Өткен жылы 27 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Жол жөндеу, газдандыру, ауыз су және электр желілерін жаңарту бағытындағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда аудан халқы толықтай сапалы ауыз сумен қамтылған.
БЕРІК СӘРМЕНБАЕВ – СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ //«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен құны 174 млн. теңгеге Тереңөзек кентіндегі көпқабатты тұрғын үйлер ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік бағдарлама аясында құны 73 млн. теңгеге аудан орталығында 6 көпқабатты тұрғын үй қайта жаңғыртудан өткізілді.
Жалпы, өткен жылы аудандық бюджеттен бөлінген 535 млн. теңгеге абаттандыру жұмыстары жүргізілді.//
Алдағы уақытта Сырдария ауданында жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайтын ірі инвестициялық жобалар іске асырылмақ. Бұл бастамалар өңір экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.