#qyzylordatv
Ғаламторда халықты арбау тәсілдері көбейіп барады. Ол аз десеңіз, соңғы уақытта дропперлік белең алуда. Былтыр облыста интернет алаяқтыққа қатысты 669 іс тіркеліп, оның 212-сі сотқа жолданған. Мыңнан астам дроппердің есеп шоттарындағы 11 млн.теңгеге жуық қаржысы бұғатталған.
Жалпы, дроппер деген кім? Қылмыстың бұл түрінен қалай қорғану керек? Әріптесім Елдос Асан жауап іздеп көрді.
Бұл бірер күн бұрын Шымкент қаласында болған арнайы операция барысы. Алаяқтық жолмен азаматтардың ақшасын алдап алды деген күдікпен Қызылорда тұрғыны ұсталған сәт. Күдікті таныстарының банк карталарын жинап, мессенджерлер арқылы үшінші тұғаларға беріп отырған. Олар өз кезегінде банк карталарын қылмыстық схемаларға қолданып, жәбірленушілерге 40 млн теңгеден астам шығын келтірген.
НҰРТІЛЕК ЕРМАХАНОВ - ОПД КИБЕР ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
Дропперлердің басым көпшілігі жастар. Барлығы әлеуметтік желіде отырып, оңай олжаға кенелемін деген оймен, жай ғана банк карталарын біреуге беру арқылы бір бөлігін коммиссия ретіне алып отырамын деп ойлайды. Дегенмен алаяқтар өзінің қылмыстық мақсатында қолданып жатады. Осындай жағдайларда жергілікті азаматтар дроппер ретінде жауапкершілікке тартылып жатады.
Яғни дроппер дегеніміз – өз атындағы банк картасын, шот немесе электронды әмиянын алаяққа беріп қойған адам. Дроппер болу – бұл жай ғана ақша табу емес, бұл – қылмыс. Ең сорақысы, интернеттегі қылмыстық схемаларға көпшілік саналы түрде барып жатады. Мұндай қадамға көбіне студенттер, жұмыссыз жастар мен зейнеткерлер барады екен.
ЕРКІН БӨЛЕКБАЙ – ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ
Дроперлік заң күшіне еңгеннен бастап Қызылорда облысында жалпы 12 қылмыстық іс тіркеліп, оның біреуі сотқа жолданса, 11 қазіргі таңда тергеу әрекеттері жүргізілуде. Сондай-ақ, айта кететін жәйт, 1055 дроппердің 11 млнға жуық есеп шотындағы суммасы бұғатталды
Қаперіңізде болсын! Егер сізге белгісіз біреу табысы жоғары, қашықтықтан жұмыс істеуді ұсынса немесе аз күнде қыруар ақша табуға үгіттесе, бірден бас тартыңыз. Бұл алаяқ болуы мүмкін. Арбауға түсіп, сан соғып қалғандар сөзімізге дәлел.
АЗАМАТ МАРАТ – ЗАҢГЕР
А есімді азаматша Қызылорда облысының тұрғыны интернет желісінен жарнама көріп, ол жерде екінші деңейлі банктерден есеп шот ашқан жағдайда бонус береміз деген жарнамаға сеніп, үшінші тұлғаларға өзінің жеке басы ақпаратын берген. Соның салдарынан А есімді азаматша 3 банктен счеттар ашылған. Бір айдың ішінде ол счеттан 69 млн.теңге түскен және 69 млн.теңге шешіп алынған. Қазіргі таңда қалалық сотта талап арыздары қаралуда. 69 млн.теңгенің барлығын А есімді азаматшадан өндіріп жатыр. Оның дүние мүлкін, атына тіркелген барлық жер учаскелері үйі барлығы тәркілеуге жатады. Алдағы уақытта сот орындаушылар осы дүние мүлікті сатып, келтірілген шығынды қайтаратын болады.
АЗАТ ӘБДІРАЗАҚОВ – ҚАЛАЛЫҚ СОТТЫҢ СУДЬЯСЫ
2025 жылы Қызылорда қалалық сотында 200 жуық іс қаралған. Оның 93-і қанғаттандырылған. 11-і қанағаттандырудан бас тартылған. Себебі, ол жерде адамдар арасында мәміле болған. Сондықтан қанағаттандырудан бас тартылған. Ондай жағдайда жауапкерлер әрине өздері талапты мойындап, бітімге келіп жатады.
Сонымен былтыр қыркүйек айынан бері дропперге де, алаяқтық схемаларды ұйымдастырушыға да нақты жаза қарастырылған. Ол үшін Қылмыстық кодекске арнайы 232-1-бап енгізілді. Не үшін қандай жаза десеңіз, жаңа бапқа сәйкес, қылмыстың ауырлығы мен келтірілген зиянға қарай жаза айыппұлдан бастап, мүлікті тәркілеумен бірге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін жетуі мүмкін.