#qyzylordatv
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың 5-ші отырысы еліміздің Ата Заңын қайта қарауға ұйытқы болды. 20 қаңтарда Құрылтайда осындай шешім қабылданып, 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамында Сыр елінен 3 азамат бар. Бүгін облыстық қоғамдық кеңес отырысында жаңа Конституцияның сұлбасы туралы сөз қозғалды.
Көптеген елдер Ата заңын қайта қарап, уақыт ағымына сай өзгерістер мен толықтырулар енгізіп отырады. Бұл ретте Еуропаның дамыған елдері Норвегия, Швеция мен Бельгия көш бастап тұр. Биыл сондай өзгеріс қазақ елінің басты құжатына да келді. Президент Қызылордада өткен ұлттық құрылтайда ұсыныс ретінде ортаға салды. Соған сәйкес, Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына 130 адам кірді. Сыр елінен үш азамат сол комиссия құрамында. Оның бірі облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов. Облыстық қоғамдық кеңес мінберінде ол Ата заңда неке туралы ереже енгізілгенін, бұл шешім отбасы шағын мемлекет болып табылатындықтан дәстүрлі құндылықтарды ең жоғары құқықтық деңгейде қорғауға және әйелдердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғанын алға тартты.
Конституциялық комиссия мүшесі Имамзада Шағыртаев өз кезегінде Конституция жобасының негізгі новеллаларының бірі мемлекеттік идеологияның өзегі айқандалғанын айтты.
Бүгінде белгілі болғандай, 145 депутаттан тұратын бірпалаталы жаңа Парламент – Құрылтай құрылады. Бұл ретте пропорционалды сайлау жүйесі іске асады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайтын болады. Жалпы, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылады. Әлбетте, басты құжат халықтың сапалы өмір сүруіне басымдық береді деді белгілі заңгер Мақсұт Нәлібаев
Жаңа жалпыұлттық диалог платформасы – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылады, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастырады.
Бұл өз кезегінде Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін, заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік орган болады. Айта кетейік, осыған дейін жаңа Ата заңның новеллаларын түсіндіруге арналған шұғыл жиын облыстық мәслихат депутаттарымен де өткізілген болатын.