#qyzylordatv

Биыл облыс орталығында ашылған нан өнімдерін шығаратын кешеннің екінші кезеңі іске қосылады. Осы жоба арқылы тәулігіне 25 тонна ұн өндіріліп, ішкі нарықтың сұранысы өтелмек. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров өңірге жұмыс сапары барысында аталған кәсіпорынның жұмысымен танысып, бастамаларды бағамдады.

 Нан өнімдерін шығаратын кешен өткен жылдың соңына таяу ашылды. Озық технологиямен жабдықталған зауытта жылына 7 мың тоннадан астам дайын өнім шығарылады. Бір сөзбен, мұнда нан-тоқаш, макарон мен кондитерлік өнімдердің түр-түрі бар. Енді кәсіпорын аясын тағы да кеңейту көзделіп отыр. Яғни, ұн шығару комбинатын іске қосып, 50 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспары бар.

 Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров кәсіпорынды асықпай аралап, жаңа бастамаға оң баға берді. Айта кетейік, жоба толық қуатына көшсе, мұнда тәулігіне 25 тонна ұн өндіріледі. Осы арқылы кәсіпорын сұранысын өтей отырып, артылғаны өңір тұрғындарына тиімді бағада сатылмақ. Вице-министр мұнан соң жаңадан бой көтерген жылу электр орталығына аялдады. Бұл нысан 60 жылдан асқан стратегиялық кешеннің орнын баспақ. Бүгінде газ турбиналарының ғимараты толықтай аяқталған.