#qyzylordatv
Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі Қазақстандағы инфрақұрылым секторын жаңғырту бойынша ауқымды жоспарды жүзеге асыруға дайын. Мемлекет басшысы банктің жаңадан тағайындалған президенті Цзоу Цзяиді қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы ұйымы еліміздің маңызды стратегиялық серіктесі екенін айтты. Тараптар бірлескен қызмет аясын тереңдетуге айтарлықтай мүмкіндік бар екеніне сенімді. Қазіргі уақытта банк Көкшетау қаласындағы көпбейінді аурухана мен қуаты 220 МВт болатын жел электр стансасын салуға атсалысып жатыр. Сонымен қатар Жезқазған – Қарағанды, Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын автожолдарының құрылысы және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол салу жобаларына қаржы бөліп жатыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Сіздің осы лауазымдағы сапарыңызды Қазақстаннан бастағаныңызды жоғары бағалаймыз. Бұл екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретін жақсы нышан деп санаймыз. Банкпен бірге жалпы сомасы 2,6 миллиард доллардан асатын 9 жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыз бен байланысымызды жандандыра түсетініне сенімдімін
ЦЗОУ ЦЗЯИ - АЗИЯ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ИНВЕСТИЦИЯЛАР БАНКІНІҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Ыстық ықыласыңыз бен ұзақ жылдар бойы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкіне көрсеткен қолдауыңыз үшін алғыс айтамын. Қазақстан мен басқа да акционерлердің маған артқан сеніміне дән ризамын. Банк қызметінде алғашқы онжылдықтағы жетістіктерге негізделген сабақтастықты сақтаймын. Сондай-ақ тұтынушылардың өзгеріп жатқан сұраныстарына жедел жауап беру үшін қаржы институтын одан әрі өркендетуге тырысамын