#qyzylordatv

Зейнеткерлер енді пойыз билетін жеңілдікпен ала алады. «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы 60 жастан асқан жолаушыларға осындай мүмкіндік ұсынып отыр.

Жеңілдікті пайдалану үшін QURMET дисконттық картасын рәсімдеу қажет. Ал бұл карта жолаушыларға 2 ақпаннан бастап беріліп жатыр.

 ДАНИЯР ҚАБЫЛЖАНОВ – «ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ» АҚ МАРКЕТИНГ ЖӨНІНДЕГІ БАС МЕНЕДЖЕРІ

«Жолаушылар тасымалы АҚ» жолаушылар үшін екі дисконттық картаны іске қосты. Біріншісі «Құрмет» картасы, ол 60-жастан асқан азаматтарға арналған. Және еліміз ішіндегі барлық пойыз бағыттары бойынша барлық орындарға 25 пайыз жеңілдік береді. Карта купе, плацкарт және отыратын вагондарға жарамды. Екіншісі, «Кеттік 33» картасы. Бұл карта 15 пен 25 жас аралығындағы жастарға арналған. Ол купе вагондарындағы жоғарғы орындар және отыратын вагондарға билеттерді 33 пайыз жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді. Екі картаның да бағасы 3 мың теңге. Жарамдылық мерзімі 1 жыл. Сондай-ақ мереке және каникул кездерінде дисконттық карталармен жеңілдіктер уақытша тоқтатылады.

Картаны тек теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы билет кассаларынан рәсімдеуге болады. Рәсімдеу үшін жеке куәлік, ұялы телефон нөмірі және электрондық пошта мекен-жайы жеткілікті. Дисконттық карта иесінің атына рәсімделеді және басқа адамға берілмейді. Сонымен қатар, жолаушылар теміржол билеттеріне жеңілдік алу үшін «Алтын», «Күміс», «Жастар» және «Саяхатшы» дисконттық карталарын да сатып ала алады. Дисконттық карта бойынша жеңілдіктер билет кассаларында немесе bilet.railways.kz сайты арқылы билет сатып алынған жағдайда ғана қолданылады. Екінші деңгейлі банктердің платформалары арқылы сатып алынған билеттерге жеңілдіктер қарастырылмайды.