#qyzylordatv

Қалада халықты тұрғын үймен қамту жұмыстары жалғасады. Биыл кезекте тұрған отбасыларға пәтер сатып алу үшін облыстық бюджеттен 39 млрд 474 млн теңге бөлініп отыр. Мұнан бөлек жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, елді мекендер мен саяжайларды газдандыру, электр желілерін жаңғырту, сумен жабдықтау бойынша бірқатар жобалар жүзеге аспақ. Бас шаһардағы басқа да толымды тірліктер туралы қала әкімі Нұржан Ахатов журналистерге арналған брифингте баяндады.

 Биылғы жылы қала бюджеті 94 млрд 200 млн теңге болып бекітілсе, облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер арқылы 140 млрд 460 млн теңгеге жетті. Қомақты қаржының ауқымды бөлігі жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталмақ. Яғни, биыл құны 975 млн 900 мың теңгеге «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы магистралды канал арқылы өтетін көпірдің құрылысы басталмақ. Сонымен қатар, 1 млрд 600 млн теңгеге Сұлтанмахмұт Торайғыров көшесінен Қызылорда-Құмкөл автожолына дейінгі Сағымбаев көшесі қайта жаңғыртылмақ. Себебі, жаңа көпір мен қайта жаңғыртудан өтетін көше «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі мен Астана қаласынан келетін жолды түйістіретін үлкен қақпа болмақ.

НҰРЖАН АХАТОВ – ҚАЛА ӘКІМІ

 Құны 2 млрд 600 млн теңгеге қаладағы 8 автомобиль жолы күрделі жөндеуден өтеді. Жоспардағы ірі жобалардың тағы бірі – биыл Назарбаев даңғылын Баймаханов көшесінен бастап Тасбөгет кентіне дейінгі аралығын қайта жаңғыртып, күрделі жөндеуден өткіземіз. Бұл жұмыстардың қатарына Тасбөгет кентіндегі Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Есенов көшелері еніп отыр. Сондай-ақ, Баймаханов пен Шәменов көшесінің аралығына дейінгі Спанов көшесін де қайта жаңғыртамыз. Дәл осы ізбен Назарбаев даңғылы арқылы қала мен Тасбөгет кентін жалғайтын Қызылжарма каналының автомобиль көпірін қайта жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттарымыз дайын. Қазір қаржы бөлу мәселесін қарап жатырмыз. Сонымен қатар, «Тәуелсіздікке – 25 жыл» даңғылын Қ.Маханбетов көшесімен жалғап, Марал Ишан көшесін кіреберіс қақпаға дейінгі аралығы да қайта жаңғыртуға жатқызылды. Бұл жобалар мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алуға ұсынылған. Аймақ басшысының қолдауымен аталған жобаларды қаржыландыру нақтыланды.2 млрд. 659 млн. теңгеге кент және ауылдық округтердің 29 көшесіне қайта жаңғырту, орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

 Биыл Ақжарма ауылдық округіне қарасты Талдыарал елдімекеніне қосымша скважина орнатуға 624 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар көптің көкейінде жүрген биологиялық тазарту станциясын жаңғырту мен автоматтандыру жұмысын аяқтауға 1 млрд. 264 млн. теңге қаралып отыр. Одан бөлек, 697 млн теңгеге қаладағы су құбыры желілерінің құрылысы жүргізіледі. Қалада кезекте тұрған тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары да ерекше қарқын алады.

 НҰРЖАН АХАТОВ – ҚАЛА ӘКІМІ

 Халықты баспанамен қамтуда республикада алдыңғы орындамыз. Яғни, өткен жылы көпқабатты тұрғын үйлерді салу мен сатып алу үшін 35 млрд. 812 млн. теңге жұмсалып, 1 890 отбасыға пәтер кілттері табысталды. Биылғы жылы кезекте тұрған отбасыларға пәтер сатып алу үшін облыстық бюджеттен 39 млрд. 474 млн. теңге бөлініп отыр.

 Жақын күндері Қызылөзек ауылдық округіне газ құбырын тарту жұмыстары басталмақ. Ол үшін 1 млрд 800млн теңгеге жоба әзірленіп, қазір қажетті қаражатты бөлдіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Мұнан бөлек, биыл Эдельвейс, Еңбек, Орбита саяжайларына да газ желісін жүргізу жоспарда бар.

 НҰРЖАН АХАТОВ – ҚАЛА ӘКІМІ

 Тұрғындарды көгілдір отынмен қамту - басты міндетіміз. Бұл тұрғыда газ желісі жетпеген елдімекендерге және қала аумағында қалып қойған аумақтарға көгілдір отын тартуға

3 млрд. 500 млн. теңге бағытталды. Шаһарға іргелес жатқан «Сабалақ» елдімекені газға қосылып, тұрғындар игілігін көре бастады. Ендігі меже - Қызылөзек ауылдық округіне газ құбырын тарту. Ол үшін 1 млрд. 800 млн. теңгеге жоба әзірленді. Қазір қажетті қаражатты бөлдіру бойынша жұмыс жасаудамыз.

 Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 2 млрд 321 млн теңгеге қалаға қарасты 6 елді мекендегі жаңа қоныстанған аумақтарға электр желілері тартылып, тозығы жеткендері қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде, электр желілерінің тозу деңгейі 57 пайызға төмендеді. Биылғы жылы осы бағытта жұмыстарды жалғастыру үшін облыстық бюджеттен 2 млр 268 теңге бөлініп отыр.

Сондай-ақ, биыл облыс орталығында 200 орындық перинаталдық орталық пен 500 орындық емхананың құрылысы басталады. Бұдан бөлек, 400 орындық емхананың іргетасы қаланбақ. Қала әкімінің айтуынша, шаһарды дамыту бағытындағы жобаларды жүзеге асыруда ең бірінші сапаға қатаң мән беріледі.