#qyzylordatv
Сыр өңіріне Индонезия республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохамад Фаджрул Рахман жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейман бірқатар нысандарда болып, қаланың даму динамикасымен танысты. Делегация мүшелері сәні мен сәулеті артқан бас шаһардағы ілкімді істерге оң бағасын берді.
Делагация мүшелері ең әуелі жаңадан бой көтерген «Достық» үйіне табан тіреді. Мұндағы этнос өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын көріп, ғимараттың ерекше стильде салынғанына таңданыс білдірді. Делагация мүшелері мұнан соң «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясының жұмысымен танысты. Шығармашылықпен айналысатын жастармен пікір алмасып, жаңа студияда өз тілдерінде ән шырқады. Айта кетейік, Қазақстанда Индонезия елшілігі ашылғаннан бері екі ел арасында 61 меморандумға қол қойылып, түрлі жобалар жүзеге асуда. Сыр еліне жасаған сапар барысында да екі елдің өңірлер арасындағы ынтымақтастықтың әлеуетін іске асыру, соның ішінде сауда және инвестиция саласындағы мүмкіндіктері талқыланбақ.
МОХАМАД ФАДЖРУЛ РАХМАН - ИНДОНЕЗИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ
// Сыр елінің қонақжайлылығы бізді қатты қуантты. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Делегация мүшелерінің ризашылығын білдіргім келеді. Себебі, бұлай құшақ жая қарсы алып, құрметтеуді өзге жерлерден қатты байқамадық. Сондықтан, Сыр еліне сапарымыз өзгеше басталуда. Біз осы сапар аясында білім-ғылым бағытында да бірнеше ұсыныстарды талқылайтын боламыз//